Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Биыл 7 халықаралық рейс ашылды

2019 жылдың 1 қазан 2019 21:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов транзиттік авиа тасымалдар саласын дамыту туралы айтып берді.

А. Әлжановтың айтуынша, халықаралық тасымалдарды дамыту саласында тұрақты өсім байқалуда. 2013 жылы 73 бағыт бойынша ұшқан болса, 2019 жылы 99 бағытқа дейін ұлғайды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті нормативтік-құқықтық базаны құру және толыққанды ынтымақтастық орнату бойынша басқа елдермен үнемі келіссөздер жүргізіп тұрады.

2019 жылдың басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары 7 бағыт бойынша халықаралық рейсті ашты: «Нұр-Сұлтан – Прага», «Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр», «Алматы – Баку», «Жуковский – Қарағанды», «Жуковский – Көкшетау», «Жуковский – Петропавл», «Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр» және «Нұр-Сұлтан – Токио».

Бүгінде ішкі бағыттар бойынша 8 әуе компаниясы 54 ішкі рейсті орындайды.

Сонымен қатар, биыл Ресей Федерациясының Көлік министрлігімен «Нұр-Сұлтан – Мәскеу» бағыты бойынша Air Astana және Аэрофлотпен үлестес емес, екінші тасымалдаушыларды тағайындау арқылы ұшу жиілігін әр тараптан аптасына 12-ден 21-ге дейін ұлғайту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстандық тараптан SCAT әуе компаниясы тағайындалды.

«Бұған дейін Air Astana компаниясы аптасына 14 рейс орындаса, биыл SCAT әуе компаниясы 7 рейс қосты. Қазір күніне аталған бағытта 6-ға жуық рейс орындалады. Мұның барлығы жолаушылар үшін билет құнының төмендеуіне ықпалын тигізеді», — деді А. Әлжанов.




Сонымен қатар алғашқы ұлттық FlyArystan лоукостері ұшырылды, қазір ол 6-ға жуық бағытта ұшады. Биыл жыл соңына дейін тағы екі борттың қосылуы күтіліп отыр, тиісінше біз көптеген бағыттар бойынша ұшулардың артқанын байқайтын боламыз. Жыл соңына дейін Fly Arystan 1 млн-ға дейін жошаушы тасымалдайды деп күтілуде. 2023 жылға дейін әуе компаниясы 10-ға жуық әуе кемесін алуы тиіс. Соның нәтижесінде бағдар желісі 54 бағытқа дейін артады.

«Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодарға рейс ұшатыны белгілі болды, мұнда билет құны 999 теңгеден басталады. Біз бұл ретте бәсекелестікті байқап отырмыз», — деді Айбек Әлжанов.

Сонымен бірге, қолданыстағы ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау және жаңаларын салу, аэрохаб тораптарын салу, әуежай кешендерін дамыту, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сәйкес келтіру үшін аэронавигациялық жүйелерді жаңғырту бойынша шаралар кешені қарастырылатын болады. Атап айтқанда, қосымша халықаралық және транзиттік бағыттар ашып, халықаралық рейстерді жүзеге асыратын қазақстандық әуе тасымалдаушылар паркін жаңғыртып, жаңартумен Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Ақтау, Алматы аэрохабтары арқылы транзиттің сервистік инфрақұрылымын дамыту жоспарланған.

Жоғары қарай