Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Биылдан бастап пестицидтердің басқа түрлері субсидияланады - министр

2020 жылдың 17 наурыз 2020 11:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тыңайтқыштармен толықтай қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдіктеріне субсидиялар тізбесі мен нормаларын бекітуді жеделдетуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 470 мың тонна минералды тыңайтқыш (оның 402 тоннасы немесе 85 пайызы – субсидияланған тыңайтқыштар) қолданды. Осы мақсаттарға 19 млрд теңге сомасында субсидия төленді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші ғылыми қажеттіліктің 18 пайызын құрады. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсы көрсеткіштер байқалады, аталған облыстар тыңайтқыштарды қолдану көлемін айтарлықтай ұлғайтуда», - деді министр Үкімет отырысында.

Осы орайда ол өзге облыстарда тыңайтқыштарды себу төмен деңгейде екенін атап өтті.

«Облыстардың жергілікті бюджеттерінде 2020 жылға 23,3 млрд теңге көзделген, бұл шамамен 480 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда барлық өңірлерде дерлік субсидиялар нормалары бекітілмеген. Осыған байланысты көктемгі дала жұмыстары маусымында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін тыңайтқыштармен толықтай қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдіктеріне субсидиялар тізбесі мен нормаларын бекітуді жеделдетуді ұсынамыз», - деді С. Омаров.

Өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануға тоқталған министр, өткен жылы барлық егіс алаңы гербицидтермен өңделгенін атап өттті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 27,4 млрд теңге субсидия сомасына 13,3 млн литр гербицид қолданды. Биылдан бастап гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа түрлері де субсидияланатын болады. Облыстардың жергілікті бюджеттерінде 2020 жылға пестицидтерді субсидиялауға 30,8 млрд теңге қарастырылған.


Жоғары қарай