Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Біз бәрін алдын ала жасай білуіміз керек - Жансейіт Түймебаев

2019 жылдың 11 наурыз 2019 18:12

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан xалқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелерімен кездесіп, аталған құрылымның негізгі міндеттерін белгілеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Ғылыми-сараптамалық кеңес Ассамблеяның консультативті-аналитикалық органы болып табылады. Ал оның негізгі міндеті - Қазақстандағы этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық үдерістерге сараптамалық баға беру, аталған процестердің өз елімізде ғана емес, шетелде де даму болашағына болжам жасау. Сөйтіп, Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық жұмысын жүргізу керек. Бәріміз бір мақсат - бейбітшілік пен келісімге жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін қолымызда жақсы материал болуы керек. Бәріңіз жақсы білесіздер, қазіргі әлемде көптеген өзгерістер болып жатыр. Сондықтан біз бәрін алдын ала жасай білуіміз керек. Бұл - өте маңызды мәселе", - деді Ж.Түймебаев.

Оның айтуынша, биылғы шараларды да дұрыс жоспарлап, ойдағыдай өткізген жөн. Ол үшін тұжырымдама мен бағдарламаны бекіту керек. "Осыдан кейін нақты мәселелерді талқылайтын боламыз. Ал іс-шаралар ауқымды әрі маңызды болуы шарт. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмысымыздың нәтижесін көрсетуіміз керек. Оны бұқаралық ақпарат құралдарына шығарып, басшылыққа көрсету қажет. Ол үшін теледидардағы танымал пікірталас алаңдарын пайдаланған жөн. Осыған байланысты медиа-жоспарды дайындауымыз қажет", - деп атап көрсетті Ж.Түймебаев.

Бұдан бөлек, баспа жұмысына қатысты нақты тапсырмалар берілді. Кеңес мүшелері өз идеяларын жүйелеп, нақты жобалары болса, басшылыққа жіберуі тиіс. Жансейіт Қансейітұлы қолдау көрсетуге уәде етті. "Сонымен қатар Ассамблеяның ресми сайтында "Қазақстан xалқы" атты ғылыми-интерактивті карта бар. Оны мазмұнды әрі қызықты материалдармен толтыру қажет. Талдауды көбірек беру керек. Келесі жылы Қазақстан xалқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Соған тыңғылықты дайындалуымыз керек. Ұйымның қалыптасу кезеңдерін, ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделіне Елбасының қосқан үлесін көрсетуіміз қажет. Қызықты ұсыныстар болса, қағаз жүзінде беріп жіберсеңіздер болады", - деді Ж.Түймебаев.




null

Жоғары қарай