Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Бизнестің жол картасы: Архимед Мұхамбетов бағдарламаны түсіндірмеген әкімдерді сынады

2020 жылдың 24 ақпан 2020 15:47

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларынан тыс қалған аудандар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде кәсіпкерлікті дамыту мәслелері талқыланды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбековтің айтуынша, кейбір аудандар мен қалалар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісіне немқұрайлы қарайды. Мәселен, Жітіқара, Ұзынкөл, Қарасу, Денисов, Меңдіқара, Жангелдин аудандары және Лисаков қаласының шағын және орта бизнес бағытында бірде-бір жобасы іске асырылмаған. Басқарма басшысы мұны бағдарлама тетіктерінің дұрыс түсіндірілмеуімен байланыстырды.

«Құжат жинауда бірізділік жоқ. Негізі әрбір өтінімді мұқият өңдеу қажет. Аудандардан келген жобалар түрлі себептермен қаржы институттарына жете алмайды. Кепілге қоятын мүлік, несие тарихының жақсы болуы банкте өтінімді қарау кезінде маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлердің көбі мұны біле бермейді. Кей аудандарда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының орындалу барысы төмен. Бұл нәтижесі жақсы аудандардың жетістіктерін жоққа шығарып жібереді. Салдарынан облыстық көрсеткіш төмендейді», - деп түсіндірді Олжас Сапарбеков.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі аудан және қала басшыларына кәсіпкерлер жұмысын жандардыруды, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ кәсіпті дамыту бағдарламасына құжат тапсырмаған аудандардың әкімдерін сынға алды.

«Шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының орындалуы көңіл көншітпейді. Бірінші кезекте жергілікті әкімдердің жеткілікті деңгейде жұмыс істемей отырғанын көрсетеді. Жоғарыдан нұсқау күтіп отырудың қажеті жоқ. Бізге нақты нәтиже қажет. Сондықтан, аудан әкімдеріне бір апта уақыт беремін. Шұғыл түрде жиын өткізіп, осы мәселені талқылаңыздар», - деді Архимед Мұхамбетов.

Бұған дейін облыстағы «Қарапайым заттар экономикасы» салалық бағдарламасының даму барысы туралы хабарлаған едік.


Жоғары қарай