Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

БҚО-да бәйге аттарын ұрлап, Ресейге асырғандар ұсталды

2019 жылдың 9 қараша 2019 03:38

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бәйге аттарын ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, барымташылар Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылы тұрғынының қорасынан екі бәйге жылқыны жымқырып кеткен.

Осылайша ауыл тұрғынына 2 млн 485 мың теңге залал келтірілген.

Іздестіру шаралары барысында қылмыстық топ қолға түсті.

Орал қаласының 1991 және 1995 жылғы тұрғындары ұрланған қос жылқыны көршілес Саратов облысына асырып жіберіп, сондағы таныстарында ұстаған.

Жылқылар иесіне қайтарылды.

Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Мал иесінің айтуынша, ұрланған сәйгүліктері бұрын республикалық, облыстық, аудандық бәйгелерде жүлде алып жүрген. Қайтарылған кезде жылқылардың қоңданып қалғаны байқалған. Яғни, ұрылар оларды семіртіп, етке сатып жіберуді көздесе керек.

Жоғары қарай