Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

БҚО-да кейбір өнімдердің талапқа сай еместігі анықталды

2019 жылдың 20 ақпан 2019 16:45

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кейбір өнімдердің талапқа сай еместігі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында 120 өнім (тауар) сынамаға сатып алынған.

«Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалында өткізілген зертханалық тексеру нәтижесінде он тамақ өнімінің маркасы мемлекеттік тілде көрсетілмегені анықталды.

Сонымен қатар Бәйтерек ауданы орталығы Переметный ауылындағы «Дастархан» («Гусейнов М» ЖК), «Альбина» («Сисенғалиева А» ЖК) дүкендерінде сақтау мерзімдері өтіп кеткен тамақ өнімдерінің тұрғаны белгілі болды.

Сондай-ақ сараптама қорытындысы нәтижесінде Қытайдан шығарылған бес балалар ойыншығы талапқа сай болмай шықты (ақпарат, тауардың атауы, шығарылған жері, мерзімі мемлекеттік тілде көрсетілмеген). Қытайлық «Interesting Toys Intelligence» шығарған ойыншықта (сылдырмақ) да сәйкессіздік анықталды.

«Аталған деректер бойынша өндірушілерге қатысты Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар алынуда», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тамақ өнімдерінен қауіпті микробтар табылғанын жазған болатынбыз.

Жоғары қарай