Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

БҚО-да талапқа сай келмейтін шетелдік өнімдер анықталды

2019 жылдың 26 наурыз 2019 22:50

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында шетелдік өнімдердің талапқа сай еместігі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өткен айда 357 өнім сынамаға сатып алынған.

«Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалында сараптамадан өткізілген кезде 57 өнімнің Кедендік одақтың техникалық регламенттері талаптарына сай келмейтіні анықталды.

Мамандар сауда орындарында, әсіресе, өнім маркасының сәйкессіздігін, ақпараттың мемлекеттік тілде жазылмауын, дайындалу мерзімі, атауы, қай жерден шыққандығы көрсетілмеуін жиі кездестіреді.

Сәйкессіздіктер алыс және жақын шет елдер өнімдеріне тән болып отыр. Мысалы, ресейлік «Фабрика качества», «Аметист» кәсіпорындарының ет және құс өнімдерін, «Энгельс сүт комбинатының» сүт өнімдерін, Беларусьтан «Санта-Бремордың» балық өнімдерін, АҚШ пен Қытайдан шыққан жеміс-жидектерді атауға болады.

Өнеркәсіп тауарларынан сәйкессіздік қытайлық ойыншықтардан, атап айтқанда, белгісіз өндіруші шығарған «BLACK WIDOW» өрмекшісі, «Ақылды күшік», «NERF» тапаншасынан жиі ұшырасты. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімдерінен Қырғызстаннан «LUX» әйелдер юбкасын, балалар көйлегі мен сәбилер киімін, түркиялық «Wienella Sistina» фирмасының әйелдер водолазкасын айтуға болады. Сол секілді ирандық «MILAD» фирмасының балаларға арналған өнімдері, франциялық «CHANCE CHANEL» фирмасының әйелдер иіссуі, финляндиялық «LUMENE ОY»-дің «LUMENE Klassiko» гелі де талапқа сай болмай шықты.

«Барлық анықталған деректер бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес шаралар алынуда. Айталық, департамент арқылы бұзушылықтарды жою үшін 15 ұйғарым берілді. 20 келідей өнім сөреден алынды», деп хабарлады облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде кейбір өнімдердің талапқа сай келмейтінін жазған болатынбыз. Оған қоса облыстағы денсаулық сақтау нысандарында санитарлық талаптардың сақталмайтыны анықталды.

Жоғары қарай