Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

БҚО кәсіпкерлері балықты жалған сертификаттармен экспорттап келген

2020 жылдың 15 қаңтар 2020 21:48

ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп кеңесінің отырысында өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Бәйтерек ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Жұмабек Уталимов пен осы инспекцияның бас маманы Ақтоты Жолдаубаева «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 4-інші және 5-тармақшаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Прокуратура балық ресурстары айналымы саласында инспекция мен балық өнімін экспорттайтын кәсіпкерлік нысандарының («Биал Орал LTD» ЖШС, «АБМ Батыс» ЖШС, «Ихласова Г.С.» ЖК, «Калиев Н.М.» ЖК, «Урал Каспий» ЖК) қызметіне тексеру жүргізген.

Тексеру барысында аталған кәсіпкерлік нысандарының балықты экспорттау үшін көптеген жағдайда жалған құжаттар негізінде ветеринарлық сертификаттар алғандығы анықталды.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік нысандары балықтың қайдан ауланғаны жөнінде жалған анықтамалар ұсынса да, инспекторлар 2017-2019 жылдары жалпы салмағы 2532 тонна балыққа 232 ветеринарлық сертификат (2017 жылы – 136, 2018 жылы – 86, 2019 жылы – 10) берген.

Осылайша, заңсыз ветеринарлық сертификаттардың берілуі салдарынан мемлекет мүддесі мен жануарлар дүниесіне 5 млрд теңгеден астам сомаға шығын келтірілген.

Оған қоса, балықтың түрі өтінішпен қоса берілген құжатта және сертификатта бір-бірімен сәйкес келмеген.

Әдеп кеңесі мәселені талқылай келе, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Ж.Уталимов пен А.Жолдаубаеваны қызметінен босату туралы ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысына ұсыныс жасады.


Жоғары қарай