Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

БҚО құрамасы робот техникасынан ұлттық чемпионатта жеңімпаз атанды

2019 жылдың 29 маусым 2019 00:25

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО құрамасы Павлодарда робот техникасынан өткен WRO - 2019 олимпиадасы ұлттық кезеңінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 240 оқушы қатысып, бақ сынады. Олар «Негізгі», «Шығармашылық», «Роботтар футболы» және «Jasampaz» (ақылды қалалар туралы жобалар) атты төрт санат бойынша сынға түсті.

БҚО құрамасының негізін Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері құрады. Батыс Қазақстаннан 18 оқушы барса, соның 10-ы жүлдеге ілікті. Сондықтан жалпыкомандалық есепте жүлдені ең көп алған команда ретінде БҚО құрамасы WRO ауыспалы кубогын жеңіп алды.

Ұлттық чемпионат жеңімпаздары WRO - 2019 олимпиадасының әлемдік кезеңіне іріктеуге қатысады.

Оралдағы зияткерлік мектептегі робот техникасы үйірмесінің шәкірттері ұлттық құрамамен бірге халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүр. Оған қоса мектеп - робот техникасы курсы енгізілген Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесіндегі алғашқы білім ордасы.




null

- Біздің команданы робот техникасының нағыз фанаты дей аламын. Ендігі мақсатымыз - күзде Будапешт қаласында робот техникасынан өтетін бүкіләлемдік олимпиаданың қорытынды кезеңіне жолдама алып, үздік үштікке ілігу, - деді жарыстың негізгі жоғары санатында үшінші орынға ие болған Арнұр Оразғұл.

Робот техникасы үйірмесінің жетекшісі Нұрболат Сәрсенғалиұлының айтуынша, балалардың табыс-жетістіктері баршылық. Алайда бәсекелестік те артып келеді. Биылдың өзінде алпыс шақты бала үйірмеге жазылды. Дегенмен уақыт өте келе олардың қатары сиреп, шынайы қызығатындары қалады. Шамамен 25 оқушы түрлі жарыстарға қатысып жүр. Ал мектептің екі түлегі өзге мамандықта оқып жатса да, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы мектептерде робот техникасы үйірмелерін жүргізуде.




null

Жеткіншектер үйірмеде робот құрастырып қана қоймай, құлтемірге жүктелетін міндеттің орындалуына арналған бағдарламалар да жазып үйренеді. Сонымен қатар олар математика, информатика, инженерлік негіздері және басқа сала ғылымдарының заңдарын өзара үйлестіріп, ойлау қабілетін дамытады.




null

Айта кетейік, 2020 жылғы ұлттық чемпионат жеңімпаздар қаласы - Оралда өтеді.




null

Жоғары қарай