Ауа райы
Нұр-Сұлтан 5 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

БҚО театры жаңа қойылымын Фариза ақынға арнады

2019 жылдың 8 наурыз 2019 21:27 1639

 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Аялап өтем...» атты жаңа қойылымның премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған туындының жанрын авторлар Нұрлан Сәдір мен Нұрлыгүл Жұбатова поэтикалық фэнтези деп белгілеген екен.

Тұсаукесері Халықаралық әйелдер күні мерекесімен тұспа-тұс келген қойылымды мәдениет саласының үздігі Нұрлыгүл Жұбатова сахналаса, суретшісі - Мұрат Мәмбетов.

Басты рольде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір ойнады (Фаризаның бейнесін екінші құрамда сондай-ақ Н.Жұбатованың өзі де сомдайды). Спектакльге театрдың жас әртістері де белсене атсалысты.

Қойылым «Өлең, мен сені аялап өтем...» деп өткен ақынның Махамбет рухымен үндес өршіл поэзиясын, арман-аңсарын, жастарға берер тағылымын көрсетуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар қазіргі қоғамның толғақты мәселесіне арналған ана мен бала проблемасы да айтылып қалады. Ең бастысы, қазақ поэзиясының мәңгі аласармас бір шыңына айналып үлгерген Фариза Оңғарсыноваға театр төрінен тағы бір құрмет көрсетілді.

Х.Бөкеева атындағы қазақ театры соңғы кезде ақын-жазушылардың, композиторлар мен өнер қайраткерлерінің шығармашылығына арналған туындыларды да қойып келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын театрдың ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» атты шығармасы бойынша спектакль қойғанын жазған болатынбыз.

Жоғары қарай