Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Бокстан ӘЧ: Бекзат Нұрдәулетов әлемнің төрт дүркін чемпионын жеңді

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 21:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов 81 келіде Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалға жолдама алды.

Ол бүгін Олимпиада чемпионы және төрт дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Ла Крусты тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бекзат Нұрдәулетов еліміздегі жас боксшылардың бірі саналады. Ол 1997 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Бекзат мұндай дүниежүзілік деңгейдегі додаға тұңғыш мәрте қатысып отыр.

Қазақстандық жас боксшы бүгінгі жекпе-жекте азулы қарсыласынан қаймықпай ойын көрсетуге тырысты. Десе де кубалық былғары қолғап шебері өз мүмкіндігін мүлт жібермей жатты. Екінші раундта Бекзат кубалық қарсыласына жойқын соққы жасады. Нәтижесінде қарсыласы есеңгіреп қалғандай болды.

Биылғы әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов 81 келіде өзін жақсы қырынан таныта білді. Ол жарысты алғашқы іріктеу сатысынан бастап, онда Оңтүстік Кореядан келген Инги Хонды жеңді. Одан кейін 1/16 финалда Венесуэла елінен келген Налек Корбайды сүріндірді. Ал 1/8 финалда бразилиялық Кено Мачадодан айласын асырып кетті. Ширек финалда түркиялық Байрам Малканнан басым түсті.

Бекзаттың бүгінгі қарсыласы - Хулио Ла Крус әлемдегі мықты боксшының бірі саналады. Кубалық былғары қолғап шебері 1989 жылы дүниеге келген. 2016 жылы Олимпиадада алтыннан алқа тақты. Ал 2011, 2013, 2015, 2017 жылдарда қатарынан төрт мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Бұған дейін бүгін қазақстандық төрт боксшы қарсыласына есе жіберді. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына төрт қола медаль түсті.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Бокс, Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай