Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Бокстан әлем чемпионаты: Ералиев пен Нұрдәулетов келесі кезеңге өтті

2019 жылдың 15 қыркүйек 2019 21:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында екі саңлағымыз жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшылар қатарынан 81 келі салмақта сынға түскен Бекзат Нұрдәулетов бүгін венесуэлалық Налек Корбай Баррермен шаршы алаң төрінде шеберлік байқасты. Бекзат қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде әлем чемпионатының 1/8 финалдық сатысына жолдама алды. Ол бұдан бұрын Оңтүстік Корея боксшысы Хонг Ингиден басым түскен болатын.

Сондай-ақ, бүгін 57 келіде тағы бір боксшымыз Қайрат Ерәлиев әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуінде Венесуэланың тағы бір өкілі Йоэля Финол Ривасты тізе бүктірді. Енді ол 17 қыркүйекте 1/8 финалдық сатысында шаршы алаңға шығады.

Бүгін қазақстандық тағы бір боксшы шаршы алаңға шығады. 91 келіде Василий Левит словакиялық Давид Михалекпен кездеседі.

Биылғы әлем чемпионатында қазақстандық құрама сапында сегіз саңлағымыз шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (48 келі), Қайрат Ерәлиев (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар.

ФОТО: olympic.kz


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Бокс,
Жоғары қарай