Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Боливияның 1,7 млн гектар жері өртенді

2019 жылдың 8 қыркүйек 2019 23:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Боливия жерінің 1,7 миллион гектары қызыл жалынға оранып, жасыл ормандар күлге айналды, деп хабарлайды CNN.

Өрт шыққан жердің бәрі ну орман, әлі меңгеріліп үлгермеген жабайы табиғат аясы – Амазонканың бір бөлшегі еді.

Боливиялық Санта-Крус аймағының веб-сайтында өрттен кейін ішетін су, жейтін тамақ іздеп жүрген жан-жануарлардың суреттері көрсетілген. Қоршаған ортаны қорғау министрі Синтия Асин «ұлттық апатты жағдай» орын алғанын айтып, өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрінен айырылып қалатын болдық деп, дабыл қағуда. Министрдің айтуынша, мыңдаған өрт сөндіру қызметкері, орман күзетшілері, мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер өртпен күресу үстінде. Алайда, қызыл жалынның жаңа ошақтары күнде анықталып, толастар емес.

Боливия президенті Эво Моралес екі аптаға созылып жатқан осы өрттің кесірінен 2 адам қаза тапқанын айтты.

Бұл мемлекетке көрші елдер де қолұшын созған. Аргентина, Перу, АҚШ өрт сөндіру құралдары мен тікұшақтарын, өрт сөндірушілерін жедел жөнелткен. Алайда, тамыз айының аяғында басталған өрт толық сөндірілген жоқ.

Айта кетерлігі, Амазонка ну ормандарына 8 оңтүстік америкалық мемлекет ие. Ормандардың басым бөлігі Бразилияның еншісінде.


Автор Айкүміс Болатбек
Басты сөздер: Оқиға, Әлем,
Жоғары қарай