Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Британияда қазақтардың басын біріктірген бизнес-форум өтті

2019 жылдың 24 қыркүйек 2019 11:12

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының өкілдері бас қосып, Қазақстанмен іскерлік қарым-қатынас орнату мәселесін талқылады. Тұманды Альбионда өткен бизнес-форум қандастарымызбен өзара әріптестік құру мүмкіндіктерін қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, Біріккен Корольдікте 50-ге жуық қазақ отбасы тұрады. Көпшілігі қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап,

Алтай өңірінен Түркияға, одан соң Ұлыбританияға көшіп келгендер. Олар Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт сияқты мерекелерде бас қосып тұрады. Өзге ұлтпен емес, көбінесе өз қазағымен құда-жекжат болуға тырысады. Өкінішке қарай, барлығына ортақ мәселе – қазақ тілі. Аға буын өзара қазақша сөйлескенімен ұл-қыздары түрікше және ағылшынша түсініседі.

«Мәдениетіміз бен қазақшылығымызды қаз-қалпында сақтап келеміз. Бірақ тілге келгенде сәл айыптымыз. Біз Ұлыбританиядағы қазақтардың екінші буыны болсақ, бізден кейінгі үшінші және төртінші ұрпақ үйлерінде қазақша сөйлемейді. Сөйлеуді доғарды. Осылай жалғаса беретін болса, Еуропадағы қазақтар өзара тек түрікше түсінісетін жағдайға жететін болады», - дейді диаспора өкілі Исмаил Кесижи.




«Отандастар» қоры өкілдерінің айтуынша, қазақ тілін оқыту бойынша шетелдерде білім инфрақұрылымы жасақталатын болады. Яғни, алыстан оқытатын интерактивті сыныптар ашылып, мобильді қосымшалар жасалмақ. Форумда сондай-ақ әлем бойынша іскерлік үйлер мен мәдени орталықтар желісін құрып, оны Қазақ мәдени-іскерлік үйі шаңырағы астына біріктіру мәселесі көтерілді. Қандастарымыздың бизнес-бастамалары ынталандырылып, стартаптары қолдауға ие болмақ.

«Қазіргі таңда «Отандастар» қоры еліміздегі көптеген қаржы институттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Бастама шетелдегі бауырларымызды қолдауға бағытталған. Басты мақсатымыз - қол ұшын созып немесе елімізге оралған қандастарымызды бейімдеуге көмектесу. Жәрдемдесу тетіктерінің бірі бауырларымызға жұмыс орнын тауып беру», - дейді «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Лондондағы бизнес-форум Мюнхен, Сан-Франциско және Ыстанбұл

қалаларындағы кездесулерден кейінгі төртінші іс-шара. Келесі аялдама - Стокгольм. Ал биылғы қараша айында Түркістан қаласында өтетін отандастардың бірінші форумы шартараптағы қазақтардың басын біріктірмек.
















Жоғары қарай