Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Бурабайда туристерге арналған Call-орталық іске қосылады

2019 жылдың 22 мамыр 2019 01:58 757

БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Алдағы 1 маусымнан бастап Бурабайда 1405 қысқа нөмірлі байланыс орталығы жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы маусым айының 1-2 күндері Бурабай аумағында алғаш рет «Жайлау» этноауылы өз жұмысын бастайды. Біз өз кезегімізде кәсіпкерлерге арнайы жер бөліп, жағдай жасаймыз. Ал олар киіз үйлер орнатып, ұлттық бағытта туристерге қызмет көрсетеді. Яғни, оның ішінде ұлттық сауықтыру ойындары және атқа міну, құс ұстау, аң аулау деген секілді ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады. Бұл да туристерді тартудың бір тәсілі. Себебі бұған дейін бізде этноауыл болған емес»,- деді «Бурабай Даму» ЖШС бас директорының орынбасары Руслан Әділов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, этноауылдың ашылуы барысында театрландырылған қойылым, қымыз фестивалі және бәйге жарысы өтеді. 

«Біздегі тағы бір жаңалық - Бурабайда 1405 бірыңғай нөмірлі Call-орталық іске қосылады. Байланыс орталығы қазіргі уақытта тестілік режімде жұмыс істеуде. Ал 1 маусымнан бастап толықтай қосылады. Қоңырау шалу әзірге ақылы түрде жүзеге асырылады. Бірақ келесі жылдан бастап қызметті тегін көрсетуді жоспарлаудамыз. Одан бөлек, қазір мобильдік қосымша жасалып жатыр. Сынақтан сәтті өтсе, қосымшаны маусым айының аяғында іске қосу көзделген. Оның басты артықшылығы, Бурабайдағы демалыс орындары, оларда өтетін шаралар мен бағасын білуден бөлек, қосымшада онлайн төлеу мүмкіндігі болады», - дейді ол.

Айта кетейік, «Бурабай даму» ЖШС ҚР Президенті Іс басқармасының Шучье -Бурабай курорттық аймағының аумағындағы объектілерін күтіп ұстаумен және пайдаланумен, туристік-операторлық қызметпен айналысады. Мақсаты - курорттық аймақтың жағымды туристік имиджін қалыптастыруға, ел тұрғындарының барлық санаттарына қолжетімді сапалы демалуды ұйымдастыруға ықпал ету.

 

 

 

Жоғары қарай