Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Бүркітбай Аяған: Елбасы маңайына мықты ғалымдар мен экономистерді топтастыра білген тұлға

2019 жылдың 21 маусым 2019 17:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев нарыққа жақын, демократияны білетін, саяси процестерді шұғыл аңғаратын адам ретінде Қазақстанды тез арада дамыған, зайырлы, демократиялық елдердің қатарына қосты. Елбасының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөліне белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған осындай баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік процестерде, мемлекеттердің тарихында саяси тұлғалардың рөлі, мәні өте зор болады. Мысалы, өткен заманды алып қарайтын болсақ, Франциядағы Шарль де Голь, Ұлыбританиядағы Уинстон Черчиль секілді тұлғалар баршылық. Айтып отырғаным бекер емес, себебі тұлғалардың мәдениеті, олардың алға қойған мақсаты - бүтіндей бір халықты тығырықтан алып шығады. Дәл сондай тұлға Қазақстанға да бұйырды. 1989 жылы 22 маусымда өткен, 154 адам қатысқан пленумда маңызды мәселе шешіліп, Нұрсұлтан Назарбаев бірінші хатшы болып сайланды. Содан бері 30 жыл өтті. Ол кісінің өзі нарыққа жақын, демократияны білетін, саяси процестерді шұғыл аңғаратын адам ретінде Қазақстанды тез арада дамыған, зайырлы, демократиялық елдердің бірі қылып шығарды», - дейді профессор.

Бүркітбай Аяғанның айтуына қарағанда, тоқсаныншы жылдары шешілген өте өзекті мәселелердің бірі - азаматтарға меншіктік құқықты алып беруі болған.

«Жекешелендіру процесі жүргізілді. Бұрынғы КПСС-тің монополиясы жойылып, оның орнына көппартиялық парламенттік республика орнады. Елбасының бастауымен астана ауыстырылды. Тарихи салаға келсек, Қазақ хандығының 550 жылдығының өткізілуін ерекше атап өту керек. Одан кейін «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» секілді мемлекеттік бағдарламарды енгізді. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев командасын жинай білді. Жақсы экономистерді, ғалымдарды маңайына топтастырды», - дейді ол.

Профессор сонымен бірге бір мәселені есте ұстау керектігін ерекше атап өтті.

«Егер консервативтік көзқарастағы азамат ел билігіне келсе жағдай басқа болар еді. Саяси тұрғыда дұрыс піспеген адамның қиындықтарды еңсере алмауы мүмкін. Кавказда, Молдавияда болған жағдайларды білесіздер. Шалт басқан қадам елімізді дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін еді. Аллаға шүкір, шекарамызды белгілеп, 30 жылдың ішінде зайырлы мемлекет болдық. Тарихқа көз жүгіртсеңіз: 1917 жылы большевиктер билікке келді. Араға отыз жыл салып, СССР 1947 жылға қарай 50 млн адамынан айырылды. Репрессия, аштық, соғыс себеп болды. Ал біз дәл сол отыз жылда қантөгіссіз, бекем елдердің бірін құрдық», - деп түйді Бүркітбай Аяған.

Жоғары қарай