Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Бүркітбай Аяған: Ғылымға салған қаржы еселеп қайтады

2019 жылдың 16 шілде 2019 17:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет тарихы институтының директоры, саясаттанушы Бүркітбай Аяған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелері ел арасында көп талқылау туғызғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның айтуынша, Президенттің шешімдері елдің ойынан шығып жатыр.

«Біріншіден, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесін айқын айтты. Жағдайы ауыр адамдарға көмек көрсету шарасы масылдыққа үйретпеу керектігін де ескертті», - дейді ғалым.

Ол сондай-ақ, әкімдердің жұмысына ширатуға қатысты әділ нұсқау берілгенін айтады.

«Екіншіден, жергілікті әкімдіктерге жеке-жеке хан болмай, алдына келген қонақтармен, халықпен, әсіресе инвестормен қожайын ретінде емес, тең отырып сөйлесу керектігін жеткізді. Бізге инвестициядан қорықпау керек. Ол әлемдік практикада бар дүние. Кейбіреу инвестиция тартпаған елдердің қарызы жоқ деуі мүмкін. Ал сол елдегі тұрмыс деңгейі мен біздегі жағдай салыстыруға келмейді. Біздегі тұрмыс 3-4 есе жоғары. Қасым-жомарт Кемелұлының осы ескертуінен кейін әкімдер елмен араласып, мәселені орнында шешуге тырысады деп ойлаймын», - дейді Бүркітбай Аяған.

Саясаттанушы Президент Үкімет отырысында сөзіне арқау еткен елордадағы аспалы теміржол желісіне қатысты өзінің де күдігі болғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Астана LRT жобасын сынға алды. Мен де таңғалатынмын, осының бізге қанша қажеті бар деп. Сөйтсек, оны салу үшін де қарызға мейлінше батқан екен. Президенттің осы жобаны тексертіп, ғылыми сараптамадан өткізу қажеттігін айтуы өте дұрыс болды. Қазақстанда мынадай қағида болу керек. Ол қағида әуелі бюджет кодексіне енгізілуі тиіс. Қымбат жобаларды бастамас бұрын тиімділігіне ғылыми сараптама жасалуы тиіс», - дейді ол.

Мемлекет басышысының ғылымға шынайы қолдау көрсету туралы айтқандары ғалымға ерекше ұнаған.

«Маған ең ұнағаны ғылымға көңіл аударғаны. Ғалымдардың салаға бөлінетін ақшаның аз екенін айтып жүр. Мысалы, Голландия, Франция сияқты елдердің дамуының негізгі себебі – ғылымға, әсіресе қолданбалы ғылымға көп қаржы бөлуі. Ғылым сол қаржыны кейін еселеп қайтарады. Яғни ғылымды мемлекет қамқорлығына алу керек», - деді сарапшы.

Жоғары қарай