Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Бюджеттің IV деңгейі: Ауылдық округтердің табысын қалай көтеруге болады

2019 жылдың 18 қараша 2019 11:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауылдық округтердің кірістерін өсіруге әсер еткен үш факторды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері сапалы салықтық әкімшілендіруге байланысты. Салықтар мен төлемдердің түрлері анықталды. Енді дұрыс есеп пен есептеуді қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың (Қаржы, Ішкі істер, Әділет министрліктері және Мемлекеттік корпорацияның-авт.) ақпараттық жүйелеріндегі деректерді салыстырып тексеру және өзектендіру (қателер түзетілді) жүргізілді. Бұл өз кезегінде 2,3 млн деректі түзетуге мүмкіндік берді. Тиісінше, салықты дұрыс есептеу қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, түгендеу жұмыстары жүргізілді. Тіркелмеген жылжымайтын мүлік объектілері анықталды», - деді министрі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Осы орайда, 82 мыңнан астам нысан тіркелген (жылжымайтын және жылжымалы мүлік). Бұл ауыл бюджетінің салық салынатын базасын ұлғайтады.

Осылайша, өз кірістерінің өсуіне әсер еткен үш факторды бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, салықтарды сапалы басқару. Жергілікті органдардың өз кірістерін дұрыс есепке алу мен есептеуге тікелей қызығушылығы пайда болды. Бұрын аталған салықтар жоғары тұрған бюджетке аударылғандықтан, іс жүзінде барлық сома ауылдық округке қайтарылмады.

Екіншіден, тіркелген нысандар санын ұлғайту. Мұнда нысандарды тіркеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. 2019 жылы жылжымалы және жылжымайтын мүлікке салынатын салықтан түскен түсім (11,9 млрд тг) 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға (10,3 млрд тг) артты.

«Үшінші фактор коммуналдық меншікті басқаруға қатысты. Мүлікті жалға беру және сату табыс көзі болып табылады. Сондай-ақ, әкімдер мүлікті пайдалану кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешеді», - деп түсіндірді Руслан Дәленов.

Жоғары қарай