Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Целиноград ауданында күн электр стансасы салынады - Ақмола облысы

2019 жылдың 11 қараша 2019 22:35

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылында қуаты 100 МВт күн электр стансасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, отырыста Қазақстан мен Ресей арасындағы 16-шы Өңіраралық әріптестік форумы шеңберінде ресейлік әріптестермен қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Сонымен бірге, келер жылы Көкшетауда өткізілетін форумға дайындықты қазірден бастау керектігі айтылып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі форум Көкшетауда өтетіндігін ресми түрде жариялады. Біздің негізгі міндетіміз – осы іс-шараны лайықты өткізу», – деді Ермек Маржықпаев.

Мәжілісте аймақ басшысы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Целиноград ауданының Родина ауылына және вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобының Ақмола облысына жұмыс сапарларының нәтижелері, сондай-ақ өңірлік даму салалары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Барлық мәселелер бақылауға алынуы және пысықталуы қажет. Жалпы облыс, аудандар, департаменттер тиімді жұмыс істеулері, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сәйкес келулері қажет. Біз жақсы құжаттарға қол қоя аламыз, сәтті келісімдерге қуанамыз, ал қарапайым жандар үшін бұл маңызды емес. Сондықтан, мемлекеттік органдар үшін ең бастысы – азаматтардың көңіл-күйіне ден қою», – деп қорытындылады облыс әкімі.

Жоғары қарай