Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Чехияда «Абай» мәдени-ақпарат орталығы ашылды

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 19:29

ПРАГА. ҚазАқпарат - Бүгін Чехия астанасы - Прага қаласының Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада «Абай» мәдени-ақпарат орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылы ұлы классик және гуманист Абайдың 175 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпарат орталығын ашу қолға алынған болатын. Аталмыш орталық Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжиннің қолдауымен ашылды.

Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу.

Орталықта CD-дискі, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпарат секілді ақпараттық ресурстармен танысуға болады. Сондай-ақ, мұнда қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базасы қолжетімді. Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасында Абай және оның шығармалары туралы 800-ден астам басылым бар.

Орталық ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Орталық кітапхана оқырмандары, Қазақстан мен Чехияның танымал жазушылары мен ақындары бас қосатын орынға айналады.

Орталықта кітап көрмелері, дөңгелек үстел, абайтанушылармен кездесу, әдеби-музыкалық кештер және басқа да түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Абайдың шығармалары бойынша оның нақыл сөздері, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, сондай-ақ, абайтанушы ғалымдардың шығармалары, зерттеу еңбектері, библиография, диссертация, авторефераттар туралы ақпарат беріледі. #Abai175 хэштегі бар электрондық порталда Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мен ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар жайында мәлімет таратылады.

Сондай-ақ, мұнда «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, Хакім Абайдың бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукцияларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото көрмелері кітапсүйер оқырмандарға ұсынылады.

Іс-шара барысында « Әлем таныған Абай « атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, « Әлем таныған Абай « иллюстративті-кітаптар көрмесі мен « Абай әлемі» атты фотокөрме, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады...» атты көрініс ұсынылды.

«Әлем таныған Абай» иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қара сөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы, «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка...» және М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», Д Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хакім Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және басқа да кітаптар таныстырылады.

«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар беріл ді.

Айта кетейік, іс-шараға Чехия Республикасындағы «Тарлан» қазақ студенттік жастар ұйымы да атсалысты. Ұйым 2008 жылы құрылған, спорт, туризм, мәдени және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады. Чехиядағы 3000 қазақ жасының басын қосқан ұйымды Бақнұр Аюбек басқарады.





Жоғары қарай