Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Чемпиондар лигасы: «Бавария» Англияда «Челси» командасын ойсырата жеңді

2020 жылдың 26 ақпан 2020 07:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалдық сатысының алғашқы ойындары болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Англияның «Челси» командасы өз алаңында Германияның «Бавария» командасын қабылдады. Екі клуб та жеңіске жету жолында тынбай тер төкті. Бірінші кезең олардың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Десе де бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 51, 53 минуттарында «Бавария» ойыншысы Серж Гнабри қос голдың авторы атанды. Ал ойынның 76-минутында оның команлас әріптесі Роберт Левандовски есепті ұлғайтты. «Бавария» 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Италияның «Наполи» клубы Неаполь қаласында Испанияның «Барселона» командасымен шеберлік байқасты. Итальяндық футболшылар азулы қарсыласының ығына жығыла қойған жоқ. «Барселона» қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 30-минутта «Наполи» ойыншысы Дрис Мертенс мергендік танытты. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есеп сол күйінше өзгеріссіз қалды. Екінші кезеңнің 57-минутында «Барселона» шабуылшысы Антуан Гризманн таразы басын теңестірді. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Бүгінгі екі кездесудің де қарымта ойындары 18 наурызда болады.

Бір апта бұрын жарыстың аталған сатысындағы төрт кездесу өткізілді. Онда өз алаңында Германияның «Боруссия Дортмунды» Францияның ПСЖ клубын 2:1, Испанияның «Атлетико Мадриді» Англияның «Ливерпулін» 1:0, Италияның «Аталантасы» Испанияның «Валенсиясын» 4:1 есебімен жеңсе, Англияның «Тоттенхэм Хотспур» клубы Греманияның «Лейпцигіне» 0:1 есебімен есе жіберді.

Енді жарыстың аталмыш сатысында тағы да екі ойын өткізіледі. 27 ақпанда өз алаңында Испанияның «Реал Мадриді» Англияның «Манчестер Сити» клубын, Францияның «Лионы» Италияның «Ювентусын» қабылдайды.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Әлем, Спорт,
Жоғары қарай