Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Дариға Назарбаева Атырауда қаза тапқан полицейдің отбасына көңіл айтты

2019 жылдың 22 наурыз 2019 20:14 799

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева Атырауда суға батып бара жатқан әйелді құтқарамын деп қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балаларыңыз, патрульдік полиция қызметкері Шалқар Көшкінбайұлы Ақымғалиев басқа адамның өмірін құтқарамын деп өз өмірін қиды, нағыз ерлік көрсетті. Бұл Қазақстан үшін де орны толмас ауыр қайғы. Мұндай ерлік және азаматтық - басқаларға да, өсіп келе жатқан жастарға да ерекше үлгі. Нағыз Батырды тәрбиелегендеріңіз үшін Сіздерге бас иеміз», - делінген Атырау облысы, Махамбет ауданы, Береке ауылында тұратын Ақымғалиевтер отбасына жолданған жеделхатта.

Еске салайық, оқиға 21 наурыз күні болды. Сағат 21.52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін хабарлаған. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамы шұғыл құлақтандырылып, оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан  мұздай суға секірген. Оған көмекке өзімен бірге бөренені алып суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов ұмтылған.

«Суға батқан адамға жеткен кезімде Шалқар ағысқа төтеп бере алмай батып кетті. Әйелді құтқару маңызды болды. Оның үстіне әйел «ол мен үшін өлді» деп айқайлап, есті шығарды», - дейді Рүстембек Сүндетов.

Ажалдан құтқарылған Батыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен облыстық аурухананың реанимация бөлімшесіне жеткізілді. Ал Рүстембектің әріптесін өз бетінше іздеуі еш нәтиже бермеді. 3 градус мұздай суда сіңірі тартылған 30 жастағы кіші лейтенант Сүндетов жағаға өзі жүзіп жеткен.

«Сағат 00.50-де Шалқар Ақымғалиевтің мүрдесі оқиға орнынан  төмен жақтан табылып, жағаға шығарылды. Шалқар Ақымғалиев көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы. Бойдақ, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Отанына 5 жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқан  ол суға батқан әйелді құтқарамын деп өз өмірін қиды. Ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрамы қаза болған азаматтың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады», - деген болатын ҚР ІІМ кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз.  

 

 

 

 

Жоғары қарай