Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Дариға Назарбаева «Зенит» кеме жасау зауытының жұмысымен танысты

2019 жылдың 9 қазан 2019 14:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Зенит» кеме жасау зауытының жұмысымен танысты. Бұл туралы ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Зауыт басшылығымен және еңбеккерлермен әңгіме кезінде Сенат басшысы қорғаныс саласының мүддесіне жұмыс істейтін кәсіпорынды дамытуға қажетті нормативтік-құқықтық база жасалғанын, елімізде жыл басында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» жаңа заң қабылданғанын атап өтті.

«Үкімет қорғаныс мақсатындағы өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Бізге өз өнеркәсібімізді дамыту және тапсырыстарды бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындарға беру маңызды», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева сол күні Оралдағы ұлттық мәдени орталықтардың басшыларымен, Батыс Қазақстан облысындағы жастар мен еріктілер ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтудағы ықпалды қоғамдық күш болып табылады.

«Жылы шырайлы кездесулер мен ізгілікті сөздеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Сіздердің нақты істерге ниеттенген оң көзқарастарыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық мәдени орталықтардың жұмысына жастарды белсенді түрде тартып, жаңа көшбасшыларды өсіруі тиіс. Әр ұлт жастарының мансабы мен кәсіби тұрғыда өсуі үшін тең мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Жастар елден көшіп кетпеуі үшін әлеуметтік лифтілердің ашық жүйесі керек», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Сенат басшысы аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесуде ақпарат құралдары қазіргі әлемде тап болып отырған жаңа қауіп-қатерлер туралы айтты.

Д.Назарбаеваның айтуынша, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары – теледидар, радио, газет – халықтың 70 пайызы үшін бұрынғыша ақпараттың негізгі көзі екенін статистика деректері көрсетіп отыр. Сонымен бірге, ғаламтор мен мобильді құрылғылар арқылы медианы тұтыну ұлғайып барады. Бұл үдерістер сараланып, бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегияда белгіленуі тиіс. Сенат басшысы Батыс Қазақстан облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін осы құжатты дайындауға және ақпарат құралдары туралы заңнамаға түзетулер әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.










Жоғары қарай