Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Дәурен Абаев елорда іргесіндегі ауыл оқушыларын құттықтап қайтты

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 11:06

ҚЫЗЫЛСУАТ. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ақмола облысы Целиноград ауданының Қызылсуат ауылында мектеп оқушыларын Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылсуат орта мектебі осыдан екі жыл бұрын ашылған. Іргелі ауылда бала саны тез өсіп келеді. Ауылдағы құрылыс қарқынына қарап, мұнда халық санының артып келе жатқанын байқауға болады. Бүгін мұндағы мерекелі күнге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали қатысты.














«Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Құрметті оқушылар! Сіздерді бүгінгі Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Білім – бәрінен маңызды. Оқушыларға шын жүректен білімді болуды тілеймін. Келер ұрпаққа – бүлдіршіндерге денсаулықтарыңыз мықты болсын деймін. Денсаулықтарыңыз мықты болса, сапалы білім аласыздар. Егеменді еліміздің тұғырын сіздер алып жүресіздер деп кәміл сенемін. Ата-аналарды бүгінгі қуанышпен құттықтай отырып, күш-жігер тілеймін. Балалардың күнделікті оқуын алып жүру оңай шаруа емес. Ұстаздардың еңбегі зор екенін бәріміз білеміз. Биыл «Педагогтар мәртебесі туралы» заң қабылданғалы жатыр. Ол заңнама жалақыны ғана емес, ұстаздардың мәртебесін өсіреді деп сенемін», - деді Дәурен Абаев.





Министр өз сөзінде мектептегі жылдар әлі күнге дейін есінде екенін атап өтті.

«Білім сіздердің өмірлеріңізде үлкен маңызға ие болары анық. Әлі күнге дейін бастауыш сыныпта, жоғары сыныпта да сынып жетекшісі болған ұстаздарымды ұмытпаймын. Бастауыш сыныпта Еркехан Дәулетқызы, жоғары сыныпта Гүлнәр Әбдіразаққызы біздің сыныпқа жетекшілік етті. Бүгін алған білімдеріңіз сіздерге ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамына пайдасын тигізеріне сенемін», - деп түйді сөзін Д.Абаев.





Мектептегі салтанатты жиында бірінші сыныпқа барған 37 бала ортаға шығып, тақпақ оқып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болды.





Ал Қызылсуат орта мектебінің директоры міндетін атқарушы Шынар Сүйіндікованың айтуынша, мектепте 216 бала (1-11 сынып) оқиды. Оның 37-і бірінші сыныпқа келіп, мектеп табалдырығын бүгін бірінші рет аттап отыр.





«Мектеп толығымен техникамен, қажетті жабдықтармен жабдықталған. Бізде мультимедиялық және ақпараттық кабинеттер бар. Балалардың барлығы ІТ технологиялармен оқып жатыр. Кабинеттерде мультимедиялық тақталар бар. Мұғалімдер балаларды жаңартылған бағдарламамен оқытуда», - деді ол.























Ш. Сүйіндікова атап өткендей, мектеп ұжымы Қызылсуат орта мектебіне авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдиновтың есімін беру бастамасын көтеріп жатыр.














Жоғары қарай