Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Дәурен Абаев: Мемлекет ендігі кезекте еңбекке мұқтаж адамдарға көмектеседі

2019 жылдың 10 қазан 2019 21:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атаулы әлеуметтік көмек беру ережесіне енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында атаулы әлеуметтік көмек беру механизмін түзеуді тапсырған болатын. Мемлекеттің басты міндеті – бұл көмекті ашық әрі әділетті ету, ең бастысы жәрдемақыны еңбекке жігерлендіруші факторға айналдыру. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек – айлықтың баламасына айналып кетпеуі керек. Мұндай көзқарас біріншіден, мемлекеттің бюджетіне салмақ салады, екіншіден адамдардың мемлекетке деген орынсыз талаптарын көбейтеді. Ойланып қараңыздар, соңғы 2 жылда көмек алушылардың саны 20 есе көбейген. Бұл бағытта 140 млрд теңге жұмсалған», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, қаражат бөлініп, көмек беру көбейгеніне қарамастан, өкінішке қарай айла-шарғының саны артып кеткен.

«Нақтырақ айтсақ, 75 мыңға тарта заң бұзу фактісі анықталған. Осының бәріне талдау жүргізілді де, ақыры Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа ереже шығарды. Мемлекет ендігі кезекте еңбекке мұқтаж адамдарға көмектеседі. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, әлбетте, жәрдемақы ол отбасыға берілмейді. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасы балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Мәселен, оқушылар үшін мектепте ыстық тамақ беріледі, мектеп киімі тапсырылады. Жол ақысы төленеді. Яғни, мемлекет аз қамтылған көмек беру мәселесіне басымдық беріп отыр», - деді ол.

Дәурен Абаев мемлекет ең алдымен балаларға көмек беру мәселесіне назар аударып отырғанын айтады.

«Бұл – өте дұрыс қадам. Балалар өз жағдайының қандай болғанына жауапты емес. Ал ересектерде жауапкершілік бар. Сондай-ақ, бұның тек заң жобасы екенін ұмытпау керек. Ол көптеген талқыдан өтеді. Сөзсіз Парламентте қаралады. Десе де, қазірдің өзінде атаулы әлеуметтік көмек беру ісіндегі амал-әдіске өзгеріс енгізу қажеттігі сезіледі», - деді министр.

Еске сала кетсек, осы аптаның дүйсенбісінде өткен Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы отбасы балаларына табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы берілетінін мәлім еткен болатын.

Жоғары қарай