Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Дәурен Абаевты тамсандырған жаңалықтар

2019 жылдың 28 наурыз 2019 22:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жапонияда мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатында «күміс» алған Элизабет Тұрсынбаева төрт айнала секіріп, аталмыш спорттағы бәсекелестікті ғарыштық деңгейге бір-ақ шығарды. Отандасымыздың жеңісі жайлы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы аптада қайғылы жағдайлармен бірге ел үшін жағымды жаңалықтар да мол болғанын атап өткім келеді. Мен үшін қуанышты жаңалық - мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаеваның күміс жүлдесі дер едім. Бұл керемет болды. Еркін бағдарламадағы прокатты әлемнің бүкіл БАҚ көздері ерекше атап өтті. Біздің Элизабет төрт айнала биікке секіріп, спорттың бұл түріндегі бәсекелестікті ғарыштық деңгейге бір-ақ шығарды. Біздің ел үшін бұл медаль - «алтынмен» тең. Бұдан былай қыздар арасындағы мәнерлеп сырғанаудан біздің ел өте аз мемлекеттердің элитарлы клубына енді десе де болады», - Дәурен Абаев.

Министр сонымен бірге апта ішіндегі екінші жағымды жаңалықтың қандай болғанын айтып берді.

«Время» газетінде мен бауырды ауыстыруға қатысты бірегей ота жасалғанын оқыдым. Донор ретінде пациенттің екі немерелес ағасы қолдау білдірген. Екі жігіт өзінің бауырының 30 пайызын берген. Бүкіл әлемде осы күнге дейін осындай оталар жасайтын бес ел ғана болған. Енді ондай елдердің саны алтыға жетті. Донорлар бауырының үштен бір бөлігін берудің арқасында бүгінгі таңда пациенттің бәрі ауруханадан шықты. Бұл жағдайда дәрігерлердің кәсібилігі де, ағайындардың бір-біріне көмек қолын созуы да ерекше тамсандырады. Қазақтар «аға алдында пейіліңді, бауыр алдында мейіріңді көрсет» деген сөз бар. Одан артық не деуге болады!?», - деді ол.

Еске сала кетсек, Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанған болатын. Қазақстандық спортшы еркін бағдарламаны тамаша орындап, қорытындыда 224,76 балл жинады. Спортшылардың ең соңынан шыққан Э.Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт айналымдық сальхов элементін орындады. Мұны шын мәнінде тарихи нәтиже деуге болады.

Қазақстанда тұңғыш рет екі адамнан бір адамға бауырдың бөліктері ауыстырып салынғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз.

Жоғары қарай