Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Дэвис кубогы: Қазақстан құрамасы жұптық сында есе жіберді

2019 жылдың 2 ақпан 2019 14:00 1203

  АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Дэвис кубогы әлемдік тобының іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Португалия матчы бүгін жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұптық сында Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин Жоау Соуза және Гастао Элиаспен кортқа шықты.

Бұл кездесу қос құрама үшін де маңызды еді. Өйткені жеңімпаз атану үшін үш ұтыс керек. Кеше 2:0 есебімен алға шыққан қазақстандықтар (құрама капитаны Диас Досқараев) жеңіске жететін болса, қалған ойындардың нәтижесіне қарамастан, Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алатын еді. Ал португалдықтар үшін әуелі есепті қысқарту, сосын теңестіріп барып, соңғы, бесінші бәсекеде қарсыласын тізе бүктіру керек-ті.

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық жұп брейк жасай білді. Осы басымдылығынан айырылмай, сетті 6:3 есебімен аяқтады.

Екінші сетте есеп 2:1 болған сәтте португалдықтар брейк жасап, алға шықты - 3:1. Бұдан кейін қарсыластары доп бергенде, қазақстандықтар брейк-пойнтты пайдалана алмады - 1:4. Португалдық жұп бірінші партиядағы есеппен қарымта қайтарды - 6:3.

Үшінші, шешуші партияда Александр Недовесов алғашқы болып доп бергенде, қазақстандық жұп қарсыластарының қос бірдей брейк-пойнтты пайдаланып кетуіне мүмкіндік берген жоқ - 1:0. 23 жасар Тимур Хабибуллин өз кезегінде допты жақсы бере білді - 2:1. Допты күшті әрі дәл берудің маңызы зор. Мысалы, осы сетте А.Недовесов екі мәрте эйс жасай алды. Жетінші геймде Т.Хабибуллин доп бергенде, португалдық жұп брейк жасап кетті - 4:3. Ақыры олар есесін жіберген жоқ - 6:4.

Осылайша Португалия есепті қысқартты - 1:2.

Енді жекелей сында Михаил Кукушкин Жоау Соузамен (кешеден бері екі кездесу өткізген оны басқа ойыншымен алмастырмаса) күш сынасады. Бұл екеуі де - өз елдерінің бірінші ракеткалары, М.Кукушкин әлемдік рейтингте 55-орында, қарсыласы 39-сатыда тұр. Егер мұнда португалдық теннисші жеңіске жететін болса, онда таразы басы теңесіп, матч тағдырын Александр Бублик пен Педро Соуза шешеді.

Атап өтетін жайт, биылдан бастап Дэвис кубогының ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Яғни іріктеу сайысында кездесулер бұрынғыдай  үш күнге созылмайды, екі-ақ күнде бітіру көзделген. Оған қоса ойыншылардың бәсекесі, бес емес, үш-ақ партиямен аяқталады. Сонымен қатар кубоктың финалдық кезеңі әр елде емес, бір ғана жерде өтеді. Биыл қорытынды дода Испания астанасы Мадридте 18-24 қараша аралығында болады. Оған қатысатын алты құрама қазірдің өзінде белгілі. Хорватия, Франция, Испания және АҚШ командалары осыдан бұрынғы кубок жарысының жартылай финалистері ретінде жолдамаға ие болса, Аргентина мен Ұлыбритания арнайы шақырту алды. Қалған 12 команда іріктеу сайыстары арқылы бүгін анықталады. 

Жаңа ережеге сәйкес финалдық кезеңде 18 құрама үш командадан алты топқа бөлінеді. Әр команда екі жекелей, бір жұптық бәсеке өткізеді. Топ жеңімпаздары мен екінші орын алғандар ішінен үздік қос құрама плей-офф бәсекесіне шығып, жеңімпазды анықтайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің матчты жеңіспен бастағанын, Қазақстан мен Португалияның жұптық сында бәсекеге түсетінін жазған болатынбыз.

 

 

 

 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай