Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Діншілдік пен діндарлықты ажырата білген абзал – Альбина Дүйсенбаева

2019 жылдың 24 қыркүйек 2019 11:03

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жастардың жасампаздығы қоғам дамуының драйвері екендігі рас. Алайда осы жастардың ізденісі, білімі, танымы түзу бағытта кетсе құба-құп.

Жастардың арасында рухани еліктеушілік құбылысы көптеген ғалымдар мен зерттеушілерді толғандырып отыр. Соның ішінде әсіресе идеологиялық вакуумды діни наным сенім толтырып жатқаны рас. Баланың субмәдениеті – қоғамның ең әлсіз, ұрымтал жері болып тұр.

Соңғы кезде мемлекетімізде қоғамымызды нығайту үшін ұрпақтың тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Жастардың діни сауатын ашудың маңызы қандай?

Осы орайда жастарға дін саласында сабақ беретін, педагогтың пікірін білу мақсатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, дінтану кафедрасының доцентінің міндетін атқарушы, PhD доктор Альбина Құрақбайқызы Дүйсенбаевамен тілдестік.

- Жастар деструктивті ағымға бой алдыратын ең нәзік ұрымтал буын екені рас. Бұған не себеп болуы мүмкін? Қандай факторларды баса айтқыңыз келеді? Әлеуметтік ахуал ықпал етуі мүмкін бе? Әлде жастар алдымен рухани кеңістігін толтырғысы келе ме?

- Деструктивті діни ағымдардың негізгі сипатынан бастайын, себебі деструктивтілік жалпы тек дінге ғана тән сипат емес, ал біздің қарастыратын аумағымыз тек діни деструктивтілікке қатысты болғандықтан, қысқаша сипаттасақ: бұл қандай да бір діннің сипатынан жеке тұлғаға психологиялық немесе физикалық зардап беру көріністерін байқауды айтамыз. Мұндай салдарлар тұлғаның денсаулығына, әлеуметтік қатынастарына, психологиясына кері әсер етуімен қатар минималды немесе масштабты көлемде әсер етуі мүмкін. Яғни деструктивтіліктің уыты сол ортаға түскен адамның өмірін ғана емес, жалпы сол ортаның немесе қоғамның да шырқын бұзуы әбден ықтимал. Жәй ғана мысал отбасының бұзылуынан бастап (суицид, ажырасу, сананың трансформациялануы), қоғамдағы діни негіздегі алауыздықтар, конфликтер, терроризм, экстремизмнің көріністеріне дейін әкелуі.

Тұлғаның, мұндай ортаға түсуінің себептері сан түрлі. Әлеуметтік, экономикалық себептерден бастап, психологиялық себептерде болуы мүмкін. Алайда, мұндай деструктивті діни ағымдарға түскен адамдар арасында тек қана жастар деп айта алмаймыз. Дегенмен сіздің айтуыңыз орынды көбінесе жас буынның теріс ағымға бой алдыруы жиі кездеседі. Бұл жердегі басты себеп – тұлғаның өзіне берілген ақпараттың бұрыс немесе дұрыс екенін ажырата алмауы. Яғни, білімсіздік.

- Біліммен қарулану да кейде пайдасын бермейтін сияқты. МГУ Философия факультетінің түлегі Караулова Сирияға террристің артынан барған болатын... Бұндай жағдай сирек кездеседі, дегенмен...

- Иә, біліммен қарулану дегеніміз тек бір ғана позицияны қарастырмайды. Әсіресе, діни адасу тақырыбында оның ауқымы діни біліммен зайырлы білімнің, әдеп пен адамгершіліктің, дәстүр мен замануи қағидаттардың ұштасуын меңзейді. Жалпы, мен сұқбатымыздың басында бірден-бір себеп білімсіздік деуім, жалпы дүниетаным мәселесін қозғайды. Мұнда бір жақты теологиялық немесе математикалық деген сияқты, бір жақты білім емес, тұлғаның фундаментін қалыптастыратын тәрбие, дәстүр, отансүйгіштік қасиеттерімен қоса, діннің негізін білу, кез-келген қарым-қатынастағы позитивті және негативті салдарларын ажырата алу, рационалдылық қасиеттері де маңызды.

- Психологиялық фактор қаншалықты әсер етеді?

- Әрине, психологиялық фактор өте маңызды орында, себебі деструктивті ағымдардың жаңа адептерді (дінге ерушіні) тартуда қолданылатын психо-техникалық манипуляция жасау әдістерін талдайтын болсақ, олар әр тұлғаға әр түрлі тарту әдістерін қолданады. Яғни психологиялық тұрғыдан «құрбан болушы тұлғаның» «әлсіз» тұстарын дінге тартуда жақсы қолданады. Мейірім, махаббат, жылы сөздер, қарым-қатынас қазіргі таңда қоғамда үлкен сұранысқа ие. Олар осы сұранысыңызды қанағаттандыруға тырысады. Осының барлығын аталмыш діннен табасыз деп сендіреді. Алайда, оның қайтарымы сіздің тарапыңыздан санаңыздың толықтай өзгерісіне әкеледі. Салдарында сіз сол «әлсіз» тұсыңыздың бейсаналы құлына айналғаныңызды сезбеуіңізде мүмкін. Ол мейлі, ақша болсын, мейлі жаңа орта, немесе қызмет болсада, әйтеуір сізді сол арқылы шырмап, санаңызды улайды.

- Жат ағымдарға ілескен адамның портретін қалай сипаттай аласыз?

- Айтып өткеніміздей деструктивті ағымдарға ілесушілердің себептері саналуандығы сияқты, ондағы адамдардың жасы, ұлты, қоғамдағы қызметтері, әлеуметтік жағдайлары да әртүрлі. Сырттай оларды мынандай деп кесіп айту қиын. Иә, біздің қоғамда балағы қысқа немесе қара жамылған адамдарды көрсе деструктивтілік сипаты деп қабылдау басым болып бара жатыр. Алайда, менің ойымша деструктивтілік сыртқы сипатта емес, сананың деструктивтілік өзгерісінде жатыр. Жалпыға ортақ сипаттарды атайтын болсақ: шектелген сана, тұлғаның психологиялық оқшаулануы, өзгелер және менің діни ортам деп бөлінуі, өзін діни таза өзгелерді күнәһарлар (өздерінен төмен, тіпті адам санатында емес, ібілістер ұрпағы) деп қарауды т.с.с. жатқызуға болады.

- Әлеуметтік желідегі ақпаратты қалай шектеуге болады?

- Қазіргі таңда деструктивті діни ілім таратушылар, көбінесе ғаламтор жүйесін, әсіресе әлеуметтік желілілерді өз мақсаттарында өте белсенді пайдаланады. Бұл – біздің қоғам үшін маңызды мәселе. Әсіресе жастар қазіргі таңда әлеуметтік жүйелерді жиі пайдаланады. Мұның алдын-алу тағы да әр адамның ақпарат легін дұрыс немесе бұрыстығын ажырата білуі болып отыр. Кез келген деструктивті топ мүшелері өздерін «сектамыз» деп таныстырмайды. Әуелі көпшілікке қызықты жазбалар жариялау арқылы, «құрбандарының» потенциалды қызығушылықтарын анықтайды. Мәселен көшеде сіз өзіңізге сектанттар ұсынған ақпараттан бас тартуыңыз немесе күдікпен қарауыңыз мүмкін. Ал, әлеуметтік желілерде сіз өзіңіз сол топтың ақпаратын оқып немес лайк басып дегендей, көріп, тыңдап қызығушылық танытасыз. Өзіңізге беріліп жатқан ақпарат қызық немес жағымды болғандықтан оның жалғандығын, немесе бұрыстығына бас қатырып жатпайсыз. Біртіндеп тарту әдісі – бұл өте нәтижелі әдістердің бірі. Енді оны шектеу немесе алдын алу үшін мемлекет пен қоғамның тығыз байланыс орнатуы шарт. Өте сезімтал немесе балаларын қадағалауда ұстайтын ата-аналар туралы толық ақпарат алып немесе арнайы базаны тексеру орындарына сайт сілтемелерін тексеру арқылы адасудың алдын алуына болады. Алайда, ғаламтордың қолжетімдігі мен қоғамның ақпаратқа деген салғырттығы тағы да діни адасуларға үлкен себеп болып отыр. Мәселен арнайы дінтанушылар тобынан деструктивті діни ағымдардың сайттары мен әлеуметтік желілері жарияланып отыратын, үздіксіз жұмыс тобы мемлекет тарапынан құрылатын болса, бұл топ еліміздің барлық ғаламтор кеңістігі, БАҚ арқылы қоғаммен тікелей байланыс жасап алдын-алу шараларын жүргізсе, әрине қоғам үшін өте пайдалы болары сөзсіз деп ойлаймын.

- Шетелдік оқу орындарының, білім қорларының шақырулары мен гранттарының артында жат ағымдарға тарту пиғылы жатуы мүмкін бе?

- Әрине, барлық гранттық оқулар мен шетелдік оқу орындарын жат ағымдар миссиясы ретінде қарастыру үлкен қате. Десе де, шетелдік қайырымдылық қорларынан немесе арнайы гранттардан келетін шақыртулардың астарында дін тарату миссиясының болуы ықтимал. Себебі, кейбір жаңа діни ұйымдардың қызметтерінде білім орындарына өзге елдерден шәкірт тарту, арнайы дін тарату әдістерінің бірі. Оны кейде адамгершілік негіздерін (гуманизм) идеясын тарату деп атайды. Немесе таза діни ілімге баулымаса да бастысы, өз идеяларын өзге мемлекеттерге тарату арқылы болашақ жылы орындарын дайындап жатырмыз деп есептейді. Мәселен кейбір діни ілімдерде ұлтқа, дінге, территорияға бөлінбеу идеясын кеңінен насихаттайды. Бір қарағанда деструктивті деуге келмейді, алайда астарында патриотизм, ел қорғау, дәстүрге берік болу құндылықтарына салғырттық болып шықпасына кім кепіл? Сондықтан бұл мемлкеттік дәрежеде қарастыруды қажет етеін саясат деп білемін.

- Сіз дін саласындағы арнайы оқу орнында сабақ бересіз. Сіздің салалық студенттерді айтпағанда, басқа оқу орындарында оқитын діни тұрғыдан сауаты жоқ жастарды қосымша оқыту қажеттілігі бар ма?

- Меніңше жаһандану заманындағы дамушы мемлекет үшін дін тақырыбы өте өзекті. Бұл діншілдікті арттыру мақсатында емес, керісінше дін мен заманауи қоғамның, соның ішінде Қазақстан Республикасының дін бағытындағы саясаты мен бағдарын дұрыс түсіндіру үшін, қоғамның дін мен мемлкет идеясын, діншілдік пен діндарлықтың аражігін ажыратып түсінуі үшін өте қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жоғары қарай