Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Дмитрий Баландин, Елдос Сметов: Үздік спортшы атануға кім лайық

2019 жылдың 1 тамыз 2019 21:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар шілде айының үздік спортшысына дауыс беруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.

«Қазақстан спортшылары әр ай сайын әлемдік жарыстарда топ жарып, еліміздің көк Туын биікте желбіретуде. Әлем кубогі кезеңдері мен әлем біріншіліктері, сондай-ақ Гран-при турнирлері мен халықаралық жарыстардан ел спортшыларының қоржыны бос қайтқан емес. Ал Олимпиада қарсаңындағы маусымда әрбір жүлденің маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда, Olympic.kz жанкүйерлерді әр айдың үздік спортшысын анықтауға шақырады. Бүгін «Шілде айының үздік спортшысына» дауыс беру басталады», - деп жазылған комитеттің ресми сайтында.

Қазақстандықтар жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге, дзюдошылар Елдос Сметов пен Отгонцэцэг Галбадрахқа, каратэші Андрей Актауовқа және таеквондошы Руслан Жапаровқа дауыс бере алады.

Айта кетейік, «Маусым айының үздік спортшысы» атағын каратэші Дархан Асаділов жеңіп алған болатын.

Дмитрий Баландин, жүзу




Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Квандждуа өткен әлем чемпионатын жетінші орынмен аяқтады. Ол 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалға жолдама алып, екі бәсекеде де жетінші сатыға табан тіреді. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Баландин 59.03 секундты тіркеп, ел рекордын жаңартты, сондай-ақ, Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алды. Ал өзінің оң жамбасына сай келетін 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалда сынға түсті. Дмитрий Баландин алғашқы Олимпиада жолдамасын көктемде иеленген болатын.

Елдос Сметов, дзюдо




Дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы жарақатынан айығып, ірі жарыстарда жүлде сала бастады. Биылғы маусымда бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген ол Будапештте өткен Гран-при турнирінде де қарсылас шыдатқан жоқ. 60 келі салмақта сынға түскен Сметов 2014 жылғы әлем чемпионы, моңғолиялық Ганбат Болдбаатарды «иппон» ұпайымен жеңіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ, IJF рейтингінде үздік бестікке енді.

Андрей Актауов, карате




Шілде айында каратеден рейтингілік Азия чемпионаты өтті. Құрлық додасынан Қазақстан спортшылары үш медальмен оралды. Оның ішінде алтын жүлдені 55 келіде сынға түскен Андрей Актауов иеленген болатын. 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Ташкент төрінде Камбоджа, Иран, Малайзия және Сауд Арабиясы спортшыларынан басым түсті. Финалда Актауов өзінің ежелгі қарсыласы, саудиялық Әлшарби Абдулланы ұтып, ел Әнұранын шырқатты.

Руслан Жапаров, таеквондо




Таеквондодан команда үздіктерінің бірі Руслан Жапаров үшін биылғы маусым жақсы өтуде. Ол түрлі халықаралық турнирлерде рейтингілік ұпай жинап, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Шілде айында Оңтүстік Кореяда өткен жарыста Жапаров 87 келіден жоғары салмақта сынға түсіп, күміс жүлдегер атанды. Бүгінде ол әлемдік рейтингте 15-ші, олимпиадалық рейтингте 19-шы орында тұр.

Отгонцэцэг Галбадрах, дзюдо




Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі араға біраз уақыт салып татамиге қайта оралды. Ол Загребте өткен әлемдік Гран-при турнирінде топ жарды. 48 келіде белдескен Отгонцэцэг финалда франциялық Мелани Клементті жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Осыдан соң, қазақстандық спортшы рейтингте жоғарылап, алтыншы сатыға тұрақтады. Сіз өз даусыңызды Olympic.kz сайтының негізгі бетіне қалдыра аласыз. Дауыс беру 7 тамыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен 13.00-де аяқталады.

Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай