Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан қола жүлде үшін финдермен күш сынасады

2019 жылдың 2 ақпан 2019 03:08

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалда айдын иелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл допты хоккейден әлемдік дода 39-шы рет ұйымдастырылды. Осыған дейін 12 мәрте чемпион атанған шведтердің аса күшті қарсылас екендігі белгілі.

Бұл жолы да Швеция айқын басымдық көрсетіп, 20:1 есебімен жеңіске жетті (қазақстандықтардан гол соққан Артем Вшивков, пас берген «Ақжайық» командасының капитаны Максим Өтебалиев. Максим қос құраманың осы біріншіліктегі алғашқы кездесуінде жалғыз доптың авторы атанған еді, онда шведтер 22:1 есебімен ұтқан болатын).

Екінші жартылай финалда Ресей құрамасы финдерді 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша сенбі күні Кеңес одағы жетістіктерін қосқанда, 25 мәрте әлем чемпионы атанған Ресей мен Швеция командалары алтын жүлде үшін таласады. Ал Финляндия мен Қазақстанның бенди шеберлері қола жүлдені сарапқа салады. «А» тобында бұған дейін финдер қазақстандықтарды 9:0 есебімен ұтқан болатын.

Әлем чемпионаттарында әдетте ресейліктер мен шведтер бас жүлде үшін айдынға шықса, финдер мен қазақстандықтар қолаға барын салатын. Дегенмен финдер осыған дейін бір рет әлем чемпионы атанып, екі мәрте күміс жүлдені жеңіп алған-ды (қазақстандықтардың еншісінде - алты қола медаль). Оның үстіне биыл Қазақстан ресейлік легионерлерге иек артпай, негізінен «Ақжайық» хоккейшілеріне сенді. Олардың арасында жастар да аз емес. Бұл - ең алдымен болашақты көздегендік. Сондай-ақ, әлемнің мықтыларымен айдында күш сынасып, тәжірибе жинақтайтыны анық.

Биыл оралдық бенди шеберлері Красноярск қаласында өтетін дүниежүзілік универсиадаға да қатысады.

Еске сала кетейік,бұдан бұрын қазақстандықтардың Норвегияны ұтып, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай