Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Дубайда петропавлдық домбырашылар бас жүлдені жеңіп алды

2019 жылдың 12 қараша 2019 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Дубайда өткен халықаралық байқауда петропавлдық жеткіншектер бас жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таяу Шығыстың мәдени інжу-маржаны Дубай қаласында өткен «Jumeirah Sounds» ІІІ халықаралық жастар байқауынан петропавлдық жеткіншектер бас жүлде және бірінші орынмен оралды.

Жеңімпаздар – Петропавл қаласындағы «Күдер» домбырашылар ансамблінің өнерпаздары.

Қазақ күйінің құдіретін араб әлеміне танытқан жас күйшілердің арасында Расул Өмірзақов гран-при жүлдесін жеңіп алса, Кәмила Мақпоз жеке орындауда бірінші орынды иеленді. «Күдер» домбырашылар ансамблі көрермендерге М.Әубәкіровтің «Талас», Т.Момбековтің «Салтанат», Есір Айшуақұлының «Ирең» күйлер ұсынған болатын.







«Күдер» ансамблін Тойкен Күдерова 1995 жылы құрған болатын. Содан бері ұлағатты ұстаз талай жеткіншектің саусақтарын домбыраның қос шегінде жүгіртіп, өнердің биік шыңына көтере білді. Тойкен Күдерованың қазақтың қасиетті өнеріне жастарды тарту әрекеті ұлттық мәдениетімізді дамыту ісіне қосып отырған теңдессіз үлесі. Қазақстандық өнерсүйер қауымның назарын өзіне аудара білген оның шәкірттері бүгінде шетелдік тыңдармандардың да жүрек түкпіріне қазақтың үнін жеткізе бастады. Ансамбль мүшелері жақында ғана еліміздің жас домбырашылары бас қосқан үлкен додада жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

Олар қазан айында өткен «Жаңа формат» атты халықаралық домбырашылар фестиваліне қатысып, түрлі аталымдар бойынша екі гран-при және үш 2-орын иеленді.

«Алда тағы бір халықаралық байқау күтіп тұр. Ол Францияда өтеді. Жеңіске жету мақсатымыз!», – дейді «Күдер» ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Тойкен Күдерова.

Жоғары қарай