Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді

2019 жылдың 27 қазан 2019 09:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 27 қазаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім күшіне енеді. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Иран мемлекетімен еркін сауда аймағын құру бастамасы Елбасымен 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттерінің саммитінде жария етілді. Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер мен екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша Келісімге 2018 жылдың 17 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында Астана экономикалық форум алаңында қол қойылды.

«Осындай келісім жасасу - әлемдік нарыққа экспортты ілгерілетудің бір құралы. Иранмен жасалған шарт біздің тауарлар үшін 80 млн. халқы бар мемлекеттің нарығына қол жеткізуге жол ашады. Сонымен қатар, Иран өзара сауданың негізін қайта өңделген тауарлар құрайтын бірнеше елдердің бірі болып табылатынын атап өткен жөн» - деді Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысында.

Келіссөз қорытындысы бойынша қазақстандық өнімнің Иран нарығына қол жеткізу шарттарын елеулі ырықтандыруға қол жеткізілді. Иран ДСҰ-ға мүше емес екенін ескере отырып, осы мемлекеттің тарифтік қорғаудың қолданыстағы деңгейі ең жоғарғы деңгей болып саналатының атап кету жөн.

Келісім Қазақстан үшін экспорттық қызығушылық тудыратын бірқатар тауарлар бойынша баж салығын азайтуға немесе ағымдағы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сандық мәнде Иран тарапы ең көп жеңілдіктер санын ұсынады. Келісімге сәйкес Иран тарабы Қазақстанға және басқа ЕАЭО елдеріне 864 тауарға қатысты (оның ішінде 262 АӨК тауарлары, 602 өндірістік тауар) импорт баждарын төмендетеді.

Иран нарығына сиыр еті мен қой еті (бажды 26%-дан 5-10%-ға дейін төмендету), бұршақ дақылдары (55%-тен 5-10% дейін), өсімдік майы (20%-дан 10% дейін), макарондар мен кондитерлік өнімдер (55% -тен 14-20% дейін), болат илегі (20%- дан 15%- дейін), рельстер (5%-тен 4% дейін), аккумуляторлар (32-55%-дан 10% дейін), арматура, құбыр (32% -дан 4%- дейін) және сол сияқты тауарларды жеңілдік тарифпен жеткізуге болады. Аталған тауарлар - ҚР үшін экспорттық қызығушылықты білдіретін дәстүрлі заттар. Аталған тауарлар бүгінгі таңдағы қазақстандық экспорттың жартысынан астамын құрайды (54%).

Өз кезегінде ЕАЭО елдері 502 тауар бойынша (126 АӨК тауарлары, 376 өндірістік тауарлар) импорт баждарын төмендетеді. Бұл талшын, құрма, інжір, мейіз, креветкі, кондитерлік өнім, ыдыс, жуғыш заттар, кілем, пластмасс бұйымдары. Олардың көпшілігі ҚР аумағында өндірілмеу себебінен импорттық қызығушылықты білдіретін тауарлар. Келісімнің қолданыс мерзімі - 3 жыл. Құжатта ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөз жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның Иранмен өзара сауда көлемі 516,3 млн долларды құраған. Оның 82,6% - біздің Иранға экспортымыз. Негізгі экспорттық тауарлар – арпа (272,1 млн $), болат илегі (87,3 млн $), рапс тұқымдары (17 млн $) және қой еті (11,6 млн $).

Жоғары қарай