Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбековтың басты арманы қандай

2019 жылдың 7 қыркүйек 2019 19:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БАҚ беттерінде «қазақстандық Ник Вуйчич» атанып кеткен жерлесіміз Әли Тұрғанбеков ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, арман-мақсатымен бөлісті.

«Мені көптеген қазақстандықтар белгілі футболистермен кездесуім арқылы біледі. Расында да, спорттың мен үшін орны бөлек. Қолым бос кезде футбол және суда жүзумен айналысамын. Футболмен - әуесқой, ал жүзу спортымен кәсіби түрде жаттығып жүрмін. Болашақтағы басты арманым - жүзу спортынан әлем чемпионы Майкл Фелпс секілді спортшы болу», - дейді Әли Тұрғанбек.





Әлидің мектептегі сүйікті пәндері - дене шынықтыру, қазақ тілі және әдебиет. Сонымен қатар, ол әлемнің атақты футбол жұлдыздарымен кездесуінен алған әсерімен бөлісті.

«Мен бірінші болып Марадонамен кездестім. Ол менімен амандаса сала құшақтап алды, мен де құшақтадым. Сосын Марадонамен жеке футбол ойнадық. Мен қақпашы, ол ойыншы болды, нәтижесінде мен 1 ғана гол жіберіп алдым. Сондай-ақ, атақты футболшы Месси және Неймармен кездестім. Ол сәттер үлкен әсер қалдырды. Ендігі мақсатым – футбол жұлдыздары Криштиану Роналду және Роналдиньомен кездесу. Әрине, мен үшін ең ерекше есте қалар кез - УЕФА Суперкубогын табыстаған сәт. Әлі күнге дейін алаңға шыққаным есімнен кетпейді. Кубокты тапсырып болған соң барлық футболшылардың қолын алып шықтым. Мен үшін ол үлкен құрмет», - дейді ол.

Әлидің әлемнің футбол жұлдыздарымен кездесіп, көпшілікке танымал болуына қатысты анасы өз пікірін білдірді.

«Әлиді көпшілік жерде «сен әлгі Мессимен, Марадонамен кездескен баласың ғой» деп танып жатады. Әрине, ол қуантарлық жағдай. Көбісі келіп, амандасып, сөйлесіп, суретке түседі. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз ол емес. Осы Әли секілді Қазақстанда, әлемде қаншама бала бар. Біздің мақсат - сол ерекше балаларды көлеңкеден шығарып, белсенді өмірге араластыру. Оларды қоғам алдына жиі алып шығу керек. Баламды атақты футболшылармен кездескені арқылы ғана танымай, оған жеке тұлға ретінде қараса деймін», - дейді Әлидің анасы Ақмарал Әміреева.

Еске сала кетсек, «қазақстандық Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстаған болатын.
Сондай-ақ, жігерлі жас баланың төзімділігі мен өрлігіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ықыласын білдірген.





Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай