Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Екпеге қарсы шығатындар дәрі-дәрмек саудасынан пайда көріп отыр - Жандарбек Бекшин

2019 жылдың 6 наурыз 2019 19:15

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин интернеттің көмегімен емделетіндерге кеңес берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, бүгінде көп адам «профессор Интернеттің» көмегіне жүгінеді. Сөйтіп, өз бетінше емделеді. Олар сан алуан ғалымдардың жазғандарын оқиды да, соның бәріне имандай сенеді. Ал интернетке шыққан ақпараттың шын-өтірігін тексеріп жатқан ешкім жоқ», - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Бас санитардың айтуынша, тұмау, менингит пен қызылша сияқты аурулар асқынып тұрғанда фармацевтикалық компаниялар көп пайда табады. Ал екпе алуға қарсы шығатындар «вакцина алуға болмайды» деп, оларға көмектесіп отырады.

«Байқап қарасаңыз, эпидемиологиялық жағдай қиындап тұрғанда дәріxаналарда адамдардың кезегі көбейеді. Дәл осы кезде фармацевтикалық компаниялар өз пайдасын жинайды. Сосын вакцинаға қарсы шығатын дүмшелерді көп тыңдай бермеңіздер. Мәселен, аурулар асқынып кеткенде ондайлар бірден көрінбей кетеді, ылғи солай. Былай қарасаң, өз істерін жасап алады да, жоқ болып кетеді. Енді, олар дәрі-дәрмектен түсіп жатқан табыстан өз пайдаларын көріп отыр ғой. Себебі xалық арасында инфекциялық аурулар тарап кетті. Науқастар көп болған сайын пайда көп түседі», - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Оның сөзіне қарағанда, инфекциялық ауруларды емдеу үшін антибиотиктер қолданылады. Ал вирустар ондай дәрі-дәрмекке тез бейімделеді де, уақыт өте келе, адам ағзасы оған қарсы тұра алмайды. Сондықтан аурудың алдын алу үшін екпе жасау қажет.

Айта кетейік, бүгін комитет төрағасы қызылша ауруына қатысты кезекті бақылау шараларының нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, Астана қаласында қызылшаның көрсеткіші орташа деңгейден асып кеткен. Соңғы бір аптаның ішінде республика бойынша қызылшаға 438 адам шалдыққан. Олардың ішінде 282 адам - 14 жасқа дейінгі балалар. Осылайша, қызылшамен ауырып қалғандардың 65 проценті балалардың арасында тіркеліп отыр. Астанада он адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Республика бойынша қызылша ауруы, көбінесе, екпе алмаған балалардың арасында жиі кездеседі. Олардың үлесі 60 процентті құрап отыр. Балалардың көбісі екпе салатын жасқа - 12 айға жетпеген. Осыған байланысты биыл қызылшаға қарсы екпені 9 айдан бастап салуға шешім қабылданды.

Соңғы кезде Қазақстанда қызылшаның жаңа мутациясы тарала бастады. Аталған аурудың инкубациялық кезеңі 20 күнге дейін созылады. Осы уақыттың ішінде қызылшасы бар адам басқа біреуге ауруды оп-оңай жұқтыра алады. Себебі вирус ауа арқылы таралады және науқас отырған жерде екі сағатқа дейін сақталады. Инкубациялық кезең болғанда адамның өзі қызылшамен ауырып жүргенін білмеуі де мүмкін. Сондықтан мектепке, дүкенге, жұмысқа және басқа да қоғамдық жерге барып, вирусты таратып жүре береді. Ал екпе алмағандар оны 90 процентке жұқтыра алады. «Қызылшаның генетикалық тармақтары, яғни мутацияға жататын Dublin және Kabul тармақтары бар. Осы екі серотип Қазақстанда ешқашан болған жоқ. Мәселен, Астанада ең ауыр 18 жағдайды зерттегенде сол адамдардан Kabul-дың 70 проценті және Dublin-нің 30 проценті шықты. Kabul серотипі көбінесе Азиядан келеді. Ал Dublin Еуропа елдерінде жиі кездеседі. Бәрі сол жақтан келіп жатыр», - дейді Ж.Бекшин.

Жоғары қарай