Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Елбасы: Халық денсаулығы – орнықты даму мен бақуаттылық негізі

2019 жылдың 16 қазан 2019 09:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің қатысушыларына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының құттықтауын саммит барысында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев оқып берді.

«Қазақстан астанасында өтіп жатқан обырмен күрес көшбасшыларының Дүниежүзілік саммитiнде сіздерге зор ілтипатымды білдіремін. Қашанда адамның ең басты байлығы - оның денсаулығы. Бiрақ қоршаған орта ахуалының нашарлауы, аз қозғалудың өмір салтына айналуы, дұрыс тамақтанбау созылмалы дерттердің, соның ішінде онкологиялық аурулардың көбеюіне әкеп соқтырды. Қазақстан бұл жаhандық үрдістерге белсене үн қосып келеді», - делінген Елбасының құттықтауында.

Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрестің 2022 жылға дейігі кешенді жоспары бекітілгенін атап өтті.

«Биыл Онкология ұлттық орталығының құрылысы басталды, онда обырды диагностикалау мен емдеудің ең озық технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Алайда онкологиялық ауру ертерек анықталса, оны емдеу оңайырақ болады. Бұл ретте ауруды ертерек анықтаудың аса маңызды кезеңі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Осыдан тура бір жыл бұрын әлемнiң 194 елі Дуниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Астана декларациясын бірауыздан қабылдады. Астана декларациясы медициналық қызметпен жаппай қамтуға, адам денсаулығын сақтауға қол жеткізу ушiн әлемдік қоғамдастық көшбасшыларын алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң рөлін күшейтуге үндеді. Дамыған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көптеген аурудың, оның ішінде обырдың сапалы профилактикасына, дертті ерте анықтауға, тиімдi емдеуге септігін тигізеді».

Елбасы Қазақстан үшін халық денсаулығы - орнықты даму мен бақуаттылық негізі екенін атап өтті.

«Саммитке белсене атсалысқандарыңыз үшiн баршаңызға алғыс айтып, табыс тілеймін, жұмыстарыңыз жемісті болсын!» - деп түйіндеген Нұрсұлтан Назарбаев құтттықтауында.

Еске сала кетсек, елордада кеше Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталған болатын. Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

Жоғары қарай