Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Елбасының әлеуметтік бастамаларын аустриялықтар қалай қабылдады

2019 жылдың 7 наурыз 2019 17:33 1575

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Аустриядағы іскер орта өкілдері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының съезінде айтқан әлеуметтік бастамалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Ең алдымен тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қаншама биік мақсаттарға қол жеткізгенін, мемлекет, партия және азаматтардың қосқан үлесін атап көрсеткен орынды. Дегенмен, Президенттің қазіргі «статус-квоға» көңілі толмайтыны айқын көрініп тұр, сондықтан әкімдер мен үкіметтің алдына жаңа міндеттер қойды», - деп жазады Аустрия - Қазақстан қоғамының бас хатшысы Дитмар Фелльнер ҚазАқпарат жолдаған сауалға берген жауабында.

«Президент алға қойған ең маңызды міндет - халықтың жағдайын жақсарту мәселесі. Ол қаржылық әл-ауқаттың жеткіліксіз екенін, онымен қоса сапалы білім беру, медициналық көмекпен қамтамасыз ету, әр отбасы үшін жақсы тұрмыс жағдайын жасау қажеттігін қадап айтты», - дейді Д. Фелльнер.

«Мемлекеттік бюджеттің 45% әлеуметтік секторға бағытталуы - фантастикалық көрсеткіш, бұл Президент пен партия кімнің өмірін жақсартуға күш салып жатқанын айқын көрсетеді», - деп санайды Д. Фелльнер.

Аустрия экономикалық палатасының вице-президенті Рихард Щенцтің пікірінше, «Nur Otan» партиясының съезіне жастардың белсенді қатысуы мен экономикаға көп көңіл бөлінуі халықтың өмір сүру стандарттарын айтарлықтай жақсартады.

«Президент ең алдымен тұрғындардың әлсіз буынының қажеттіліктеріне тоқтала отырып, кәсіпкерліктің бәсекеге төзімділігін арттыруға, білімді жастардың әлеуетін жоғарылатуға күш салу қажеттігін айтты. Бұл - елдің болашағы жарқын болатынының айғағы», - дейді ол.

«Осының бәрі - Президенттің бұрыннан жүргізіп келе жатқан саясатының логикалық жалғасы. Сол саясаттың Қазақстанның бейбіт әрі дәйекті дамуының іргетасы екенін мойындауымыз қажет. Еуропа да, соның ішінде Аустрия да дәл осындай даму бағытын ұстануды қалайды», - деп түйді Рихард Щенц.



Автор: Тимур Дүйсекеев

 

 

Жоғары қарай