Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Елімізде астық бағасы қымбаттады

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 19:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК» АҚ филиалы жаңа астықты қабылдау үшін өңірдегі 12 элеватормен келісімге отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірер күн бұрын биылғы бидайды сатып алу бағасын жариялаған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ мемлекеттік қорға 1 млн тоннаға дейін астық қабылдамақ. Астықтың тоннасы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15 мың теңгеге дейін қымбаттады.

«Қыркүйек айының басында біз бидайдың тоннасына 62 мың теңге бердік. Трейдерлер бізге қарап былтырғы баға – 65 мың теңгеден ала бастады. Кейін биылғы егін орағына байланысты, әрі диқандар да қымбаттатуды сұрағаннан кейін саралай келе 70 мың теңгеге дейін көтердік. 3 класты бидайдың тоннасын сапасына қарай 76 мың теңгеге дейін, 4 класты астықты 65 мың теңгеден аламыз. Биыл 5-класты бидайды құс фермаларының сұранысына қарай жемазыққа 55 мың теңгеден қабылдап жатырмыз», - дейді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК» АҚ СҚОФ директоры Рамазан Әсіп.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының сатып алатын астыққа қатысты бірқатар талаптары бар. Мәселен, 3 класты бидайдың ылғалдылығы – 14, ал құрамындағы кілегей мөлшері – 23 проценттен кем болмауы тиіс. Ал 4-класты бидайдың натурасы – 700, кілегейлігі 20 және ылғалдылығы 14 проценттен аспаған жағдайда тоннасы 65 мың теңгеден алынады. Қазірдің өзінде ұлттық компания 2 мың тоннадан астам бидай сатып алды.

Жалпы биыл ел бойынша мемлекеттік қорға 1 млн тоннаға дейін астық қабылдау жоспарланған. Осы мақсатта СҚО-да 12 элеватормен келісімшарт жасалды. Бұл - диқандарға да тиімді болмақ. Корпорацияға астығын сатқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз бидайын мұнда еш кедергісіз, кезексіз өткізе алады. Ал келесі жылы ұлттық компания диқандардан өнімді форвардтық келісім бойынша алмақ. Яғни шаруаларға тұқым, жағармай алуға болашақ астық есебінен кепілсіз несие беріледі.

Ақерке Дәуренбекқызы

Жоғары қарай