Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Елорда әкімдігі коронавирус қаупіне байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 15:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Макеннің төрағалығымен коронавирустың таралуын болдырмау және алдын-алу шаралары жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға әуежай, теміржол вокзалы, денсаулық сақтау басқармасы және басқа да қалалық қызмет орталықтарының басшылары қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар Қытайдан Қазақстанға коронавирустың таралуын болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда. ҚР Үкіметі тарапынан вице-премьер Б.Сапарбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды, оған Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындау тапсырылды.

Әкімнің орынбасары әуежай мен вокзалдарда санитарлық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, елордада коронавирустың таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауды талап етті.

Қазіргі уақытта елордаға коронавирустық инфекцияның әкеліну жағдайларын оқшаулау және жою бойынша жұмыс тобы құрылды, халықаралық рейстердің келуіне жылу бақылау қондырғысы күшейтілді, барлық адамдардың міндетті байланыссыз термометриясы жүргізілуде, әуежай, шекара және кеден қызметтері қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.

Қазір Қытайда пневмониялық инфекцияның жаңа түрі тарап жатыр. Сырқатқа шалдыққан және көз жұмғандар саны күн санап артып келеді. Алғашқы науқастар тіркелген күндері (15 қаңтар) есепке 41 адам алынған болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша коронавирус ауруымен ауырғандар саны 2,7 мың адамнан асты, 80 адам өлімі тіркелген. Жаңа коронавирустық инфекциямен ауыратын адамдардың көпшілігі Хубэй провинциясында (1 423, 76-сы қайтыс болған). Қазақстанмен шекаралас ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАР) 5 адамның ауруды жұқтырғаны анықталды.

Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған.



Жоғары қарай