Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Елорда әкімдігі масаның қаптап кету себебін атады

2019 жылдың 9 шілде 2019 17:04 2391

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі масаның қаптап кетуінің себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде маусым айының 13 күні жауын-шашынды болды. Соған орай ылғалдылық деңгейі артты. Ал бұл маса үшін өте қолайлы орта қалыптастырады. Жауын-шашынсыз уақыттың аралығы небәрі 2-3 күнді құрады. Осы екі-үш күннің ішінде  улау жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, сіздер білулеріңіз үшін айта кетейін, жауынды күндері масаға қарсы улау жұмыстары жүргізілмейді. Себебі жаңбыр суы шашқан дәріні шайып кетіп, оның ешқандай әсері болмайды», - деді Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің директоры Сәдуақас Байғабылов.

Осы ретте, ол шілде айында елорда жұртшылығының мазасын алған масаның неліктен қаптап кеткенін түсіндірді.

«Шілдедегі масаның қаптап кету себебіне тоқталсам,   айдың 2-4 күндерінде мол жауын-шашын түсті. Соған байланысты масаға қарсы өңдеу жұмыстары тоқтатылды. Демалыс күндері ауа райы тұрақталып, күн ысыды, улау жұмыстар қайта жанданды. Осы және келесі апта ыстық болмақ. Демалыс күндерінен бері қаланың саябақтары, гүлзарлар, Есілдің жағалауы, сонымен қатар 141 шағын су қоймаларында масаны улау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді  Сәдуақас Байғабылов.

Оның атап өтуінше, елорданың 4 аудан әкімдігі масаның дернәсілі түсетін сәуір айынан бастап қыркүйекке дейін улау жұмыстарын жүргізеді.  Масаны улауға қажетті дәрінің тіпті келесі жылға жетерлік қоры бар.

Еске салсақ, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов маса улауды уақытында қолға алмағандар жазаланатынын айтқан еді.

 

 

Жоғары қарай