Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Елорда оқушыларының сөмкесі нормадан 2,5 есе ауыр

2019 жылдың 10 қыркүйек 2019 17:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов ауыр сөмкесін көтере алмай құлап қалған бастауыш сынып оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін департамент мамандары мониторинг жүргізу аясында Нұр-Сұлтан қаласында оқушылардың сөмкесін өлшеді. Сөмке салмағын өлшеу нәтижесі мынадай: 1-3 сыныптарда 2-ден 4,5 келіге (оқулықтар мен дәптерден бөлек қосымша заттардың салмағы 0,5-тен 2 келіге дейін) дейін, 4-5 сыныптарда 2,5-4,15 келіге дейін, 6-7 сыныптарда 3,1-5 келіге дейін, 8-11 сыныптарда 3,5-5 келіге дейін», - деді ол.

Оның дерегінше, нормативке сәйкес күнделікті оқу жиынтығының салмағы 1,3 сынып оқушыларына 1,5-2 келіден, 4-5 сыныптарда 2-2,5 келіден, 6-7 сыныптарда 3-3,5 келіден, 8-11 (12) сыныптарда 4-4,5 келіден аспауы тиіс.

«Жүргізілген мониторинг 1-5 сынып оқушылары сөмкесінің салмағы бекітілген нормативтен 2,5 есеге дейін асып кеткендігін көрсетті. Оқушының денсаулығы ата-аналар үшін басымдық болуы тиіс. Сондықтан мектеп сөмкесіндегі артық салмақ қауіпті. Өте ауыр сөмкеге орай оқушының денсаулығына шынайы қауіп бар. Қысқа мерзімді жанама әсерлер мынадай: арқаның, мойынның иықтың ауруы, қолдың ұюы және әлсіздік. Ұзақ мерзімді жанама әсерлер: бас ауруы, бүкірлік пен сколиоз, белдің ауруы, бала сүйегінің ауытқумен дамуы», - деді департамент басшысы.

Осыған орай, Садуақас Байғабылов ата-аналарға балада ауыр сөмкені арқалаудан пайда болатын ауруларды болдырмау үшін мынадай қарапайым әрі аса қажетті шараларға назар аудартады:

- Әр күн кешкісін мектепке сөмкені дайындаған кезде қажетсіз кітаптар мен дәптерлерді алып тастап, керегін ғана салу қажет;

- Сыртқы мұқабасы жұқа кітаптарды, жеңіл папкалар мен пеналдарды сатып алған жөн;

- Апта екі рет сөмкені тексеріп, сынған қарандашты, жазбайтын қаламсапты, қажетсіз қағаздарды алып таста керек;

- Оқушыға мүмкіндік болған сәтте, мәселен қоғамдық көлікке отырған кезде сөмкені иықтан шешкені дұрыс;

- Оқушыға мектеп сөмкесін сауатты жинауға үйрету қажет: ең ауыр кітаптарды астына, жеңіл әдістемелерді, дәптерлерді және басқа да оқуға қажетті құралдарды жоғары салған жөн.

«Дегенмен, барлық сөмкелер оқу жүктемесіне байланысты. Осыған байланысты департамент мамандары тексеру аясында сабақтардың кестесіне және гигиеналық нормаларға сай оқу жүктемесінің теңдей бөлінуіне зерделеу жүргізетін болады. Бұзушылық анықталған жағдайда мектеп басшылығына қатысты әкімшілік шаралар қолданылады», - деді департамент басшысы.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім,
Жоғары қарай