Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Елордада ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 15:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысы «Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті проблемалары» тақырыбымен өтті.

Шараға ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов төрағалық етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды ашқан Қалмұханбет Қасымовтың ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігінің негізгі элементі болып саналатындығын баса айтты.

«Тақырып кешенді, ол екі ірі блокты қамтиды. Бірінші блок - ақпараттық кеңістіктің деструктивті әсерлерден қорғалуы. Екінші блок - киберқауіпсіздік, бұл байланыс пен ақпарат арналарының техникалық қорғалу мәселесі. Екі аспектіде бір-бірімен тығыз өзара байланысып жатыр. Соңғы жылдары ақпараттық қауіпсіздік саласында байыпты өзгерістер болып, қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздіктің негізгі аспектісіне айналып отыр. Ол қауіпсіздіктің экономикалық, қоғамдық, саяси және басқа да түрлеріне тікелей әсер етеді», - деді ол.

Кеңес төрағасы ақпараттық кеңістік құрылымы да түбегейлі өзгергенін, ол ең алдымен әлеуметтік желілердің рөлінің артуымен байланысты екендігін айтты.

«Халықтың айтарлықтай бөлігі үшін ол ақпарат көзі мен байланыс құралына айналып отыр. Әлеуметтік жылы басқа БАҚ-тан ықпал ету деңгейімен, оның ішінде деструктивті әсерімен де айтарлықтай айырмашылыққа ие. Әрбір қолданушы ақпарат көзіне айналды. Мұның барлығы да жалған әрі бұрмаланған ақпаратты таратуға қолайлы жағдай жасап отыр», - деді Қ.Қасымов.

Осыдан кейін жасалған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баяндамасында билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайту, қазақстандық БАҚ-тардың бәсекелестігін арттыру және медиа кеңістігін реттеу мәселелерінің заманға сай жаңа тәсілдемелері көтерілген.

Ал қазақстандық медиа қоғамының және Интернет-қауымдастықтарының өкілдері әлеуметтік желілердің бұқаралық ақпарат құралдарына балама ретінде артып келе жатқан рөліне көңіл аударды. Бүгінгі күнде әлеуметтік желілер халық үшін ең танымал коммуникация құралы болып отыр. Сонымен қатар оның теріс әсері бар екені рас. Осыған қарай тұрақсыздық туындататын жалған ақпараттар проблемасына да мән берілді. Аталған бағытта Сарапшылық кеңес медиа-қоғамдастықты ақпаратты жасау және тарату мәселесінде жауапкершіліктерін көтеруге шақырды.

Отырысқа ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Астана» халықаралық университетінің ғылымдары, сарапшылар, «Қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығы», «Қазақстанның Интернет қауымдастығы», «Қазақстандық медиа-альянсы», «Өңірлік БАҚтардың Альянсы», «Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығы» өкілдері, сондай-ақ ақпараттық-техникалық қорғау құралдарының отандық өндірушілері қатысты.


Жоғары қарай