Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Елордада Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 12:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанындағы алаңда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан облысының 15 ауданы мен екі қаласынан өндірушілер қатысуда.

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышевтың айтуынша, шығысқазақстандық кәсіпкерлер Нұр-Сұлтан қаласына 310 тонна көлемінде тауар алып келді. Жалпы сомасы 224,7 млн теңге болатын 15-тен астам тауар түрі сатылады. Атап айтқанда, 60 тоннадан астам бал, 15 тонна сүт өнімі, 13 тонна күнбағыс майы, 3 тонна жарма, 5 тонна балық, 45 тонна жылқы еті, 10 тонна қымыз және ұлттық тағамдар мен пантоөнім, 150 тонна көлемінде көкөніс сату жоспарланған.

Ал Атырау облысының 7 ауданы мен Атырау қаласының тауар өндірушілері елордаға жалпы сомасы 135 млн теңгенің 176,7 тонна өнімін әкелген.




Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың сөзіне қарағанда, өңірден жеткізілген өнімдер нарықтық құнынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылып жатыр.

«Жалпы, Атырау облысынан жәрмеңкеге 45 тонна балық өнімі, 25 тонна ет өнімі, 36 тонна көкөніс, 40 мың жұмыртқа, 6 тонна сүт өнімі және 65,7 тонна өзге де тауар жеткізілді. Бұл өнімдердің барлығы халыққа қолжетімді бағамен сатылуда. Осы жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бекіткен кестесіне сәйкес келдік. Жеткізілген тауарларды тиісті деңгейде өткізу үшін барлық жағдай жасалғанына біздің өңірден келген шаруашылықтар мен кәсіпкерлер ризашылығын айтуда. Жалпы, біздің өңірден жеткізілген өнімге сұраныс жақсы екенін байқадық», - деді Қ.Нұрлыбаев.

Айта кетейік, елордалықтарға ұсынылатын азық-түлік өнімдерінің барлығы санитарлық ветеринарлық талаптарға сай келеді, осы орайда өнімдерге тиісті құжаттар берілген.




Жоғары қарай