Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Елордада ҚДТ экстремистік ұйымының белсенділері ұсталды

2019 жылдың 5 шілде 2019 15:18 1125

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚДТ экстремистік ұйымының белсенділері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы  «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) экстремистік ұйымына қатысы бар бірнеше азаматқа қатысты іс қозғады. Оларға ҚР ҚК 405-бабы бойынша айып тағылған.

«Қылмыстық іс аясында 9 адамға қатысты тінту жүргізіліп, ол жерден компьютерлер, флешкалар, смартфондар, микрофондар және аэрозольды бояулар алынды. Соттың санкциясымен үш азамат қамауға алынды, қалғандарына қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық орындарға парақшалар жапсырып, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату арқылы рұқсат етілмеген митингіге шақырған елорданың 7 тұрғыны  - М. Мамбетов, А. Онланбекқызы, А. Мустафина, И.А. Горохов, А.К. Нурушева, Е.Б. Есхожин, К. Байнукей анықталып, ұсталды. Олардан компьютер, процессорлар, флешкалар мен смартфондар тәркіленді. Тиісті сараптама тағайындалды.

«Аталған азаматтар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК 488-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынды. Сараптама қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады» деп мәлім етті ведомстводан.

Полиция департаменті ҚДТ тіркелмеген экстремистік ұйымының қызметіне тыйым салынғанын, ҚДТ белсенділері ұйымдастырған санкцияланбаған митингілерге қатысқан жағдайда ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

 

 

 

 

Жоғары қарай