Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Елордада өткен форумда БАҚ саласындағы проблемалар туралы айтылды

2019 жылдың 13 қараша 2019 16:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «БАҚ және қоғамдық келісім» форумын өткізіп жатыр. Оған шетелдік және отандық БАҚ өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы Ассемблеясы ұйымдастырған форумға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан шолушылар мен халықаралық сарапшылар келді.

Жиынды бастамас бұрын Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының жаңа төрағасымен таныстырды. Қоғамдық негіздегі бұл жұмысты бұдан былай «Kazakh TV» арнасының директоры Майя Бекбаева атқаратын болды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяның қызметін тұрақты түрде ақпараттық қолдау туралы арнайы тапсырмасы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайту туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда отандық журналистика үшін қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптары өте маңызды», - деді Жансейіт Түймебаев.




Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесінде де қолына қалам ұстаған БАҚ өкілдерінің атқаратын рөлі айрықша.

«Бұдан бөлек, алдағы жылы Қазақстан жұртшылығын мерейлі даталар күтіп тұр: Ассамблеяның 25 жылдығы, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы. Осындай айтулы шаралар көсемсөз шеберлерінің мұқият назарында болады деген сенімдемін», - деді ол.

Сөзін сабақтай келе ҚХА Төрағасының орынбасары БАҚ-тағы қазір негативизм мен саяси оқиғалардың талқыланып кетуін – проблемалық тенденция екенін атап өтті.

«Экрандарда күндіз-түні қылмыстық, техногендік оқиғалар, табиғат апаттары көрсетіле береді. Кейбір БАҚ саяси мәлімдемелерді берерде негативизмді аяусыз пайдаланады. Оның ақыры азаматтық нигизизм туғызады. Баспасөз бен позитивті контент – өзара қарым-қатынастың, бейбітшілікті сақтаудың механизмі екенін ұмытпау керек.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде «жаулық тіл» қатты өршіп тұр. Зұлымдық дискурсы – сыртқы экстремистік күштердің ақпараттық «қаруы» іспетті. Көбінесе олар этносаралық және конфессияаралық қатынасқа шабуыл жасайды. Сөз еркіндігі заманында жаулық сипатты қалай ауыздықтауға болады.

Мәселен, 2017 жылы Германия «Фейсбук туралы заң» қабылдады. Ол заң бойынша әлеуметтік желі әкімшілеріне айыппұл да салынады. Бірақ, мәселе әлі шешімін табатын емес», - деді ол.

Жоғары қарай