Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Елордада триатлоннан әлем кубогы өтіп жатыр

2019 жылдың 15 маусым 2019 09:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас қалада екінші жыл ұйымдастырылған «Nur-Sultan ITU Triathlon World Cup» халықаралық кобугы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы спорттық бәсекеге әлемнің 33 елінен келген 130-дан астам спортшы қатысуда. Бүгін өтіп жатқан Elite санатындағы (кәсіпқой) спортшылардың стандартты қашықтықтағы сайысы үш кезеңнен тұрады. Кәсіпқой триатлоншылар ереже сай 1 500 метрге суда жүзіп, одан соң 40 шақырымдық веложарысты еңсеріп және 10 шақырымға жүгіріп өтеді. Одан бөлек, ертең дәл осындай сынақпен AGE (әуесқой) санатындағы триатлон спортшылар арасында да жарыс өтеді.

Шараның мақсаты - елімізде триатлон спорт түрін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сол сияқты отандық кәсіби спортшылардың, бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру.

«Елімізде жыл санап триатлон спорты кең етек жайып келеді. Оның бір дәлелі бүгінгі жарысқа өтінім берушілердің саны артып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның 13 өңірінде триатлон спортының орталығы жұмыс істейді. Ал жарысқа келсек, биыл еліміздің намысын Семен Пивоваров пен Ғазиза Құмақбаева қорғайтын болады. Ал ертең 200 әуесқой триатлоншы арасында Қазақстанның кубогы өтеді. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов Әлем кубогының ашылу салтанатында.

Әлемнің 123 ұлттық федерацияларының басын қосқан халыққаралық триатлон одағының (ITU) бастамасымен кәсіби спортшылар арасында өтіп жатқан аталған халықаралық жарыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және BI Group компаниясының қолдауымен өтуде. Ал ұйымдастырушы рөлін Қазақстанның триатлон федерациясы мен Астана триатлон федерациясы атқаруда.

Айта кетсек, триатлон - жүзу, веложарыс және жүгіру секілді жекелеген спорт түрлерінен құралған мультиспортивті циклдық олимпиадалық спорт түрі. Триатлон кезеңдерін спортшылар кезекпен және үзіліссіз бағындырады. Спорттық бәсеке халықаралық Триатлон одағының (International Triathlon Union) ережелерімен реттеледі.

Автор Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай