Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Елордада түркі тілдес елдердің елшілері көне дәстүрді жаңғыртты

2019 жылдың 28 наурыз 2019 12:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік жиынға Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, атап айтқанда, Қазақстандағы Түркия, Әзербайжан, Моңғолия, Мажарстан, Өзбекстан және тағы басқа елдердің елшілері, этномәдени орталықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Ұлыстың ұлы күні - күн мен түн теңелетін, барша жұрт жақсылыққа кенелетін біздің ең ұлық мерекеміз. Сол себепті, Халықаралық Түркі академиясы осы мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған. Қазақта «ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» деген сөз бар. Біз үшін ескі, яғни өткен жыл жақсы болды. Әзербайжанда Президент сайлауы болып, Мемлекет басшысының өкілеттігі ұзарды. Түркияда Президенттік жүйеге көшіп, құрметті Президент мырза өзінің Мемлекет басшысы ретінде қызметіне кірісті. Мажарстан Түркі акадмиясына мүше болып енді. Орталық Азия елдеріндегі ынтымақтастық артты. Қырғызстанда үлкен саммит өтті. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі акадмиясының ЮНЕСКО-да үлкен жиыны болды. Түркі академиясы әзірлеген Түркі әлемінің интеграциясының концепциясы бекітілді. Академия әзірлеген ортақ тарих, ортақ география, әдебиет бойынша жұмыстар жалғасын тапты», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.




null

Дархан Қыдырәлі биылғы жыл да академия үшін үлкен жақсылықтармен басталып жатқанын тілге тиек етті.

«Осы наурыздың басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы өз өкілеттігін тоқтатып, Қазақстанда жаңа Президент қызметіне кірісті. Сонымен қатар, біршама жоспарымыз бар. Биылғы жыл өздеріңіз білетіндей, Түркі кеңесінің он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кітапханамыздың атын беріп отырған Иштван Мандокидің 75 жылдығын бастап кеттік. Алаш арыстарының бірқатарына 125 жыл толады. Биыл сондай-ақ Алтын орданың, Моғолстанның 750 жылдығын атап өтеміз. Ататүріктің өзінің күресін бастағанына 100 жыл толып отыр. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабын жазғанына 950 жыл толды. Осындай шараларды, басқа да жұмыстарды осы жылы атқаратын боламыз», - деді ол.




null

Мереке барысында жиналған қауымға түркі әлемінің руханиятына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бата берді.


null

Рашид ад-Диннің «Жәмиғат-тауарих» арқылы жеткен аңыз-әпсанасына жүгінсек, әйгілі Оғыз ханның нәсілінен тараған Ел ханның елі шапқыншылыққа түсіп, Алтай тауының баурайындағы Ергенеқон шатқалына тығылып, аман қалады. Тар шатқалда өсіп-өніп, көбейген халық наурызда таудың темірмен құрсалған бөлігін ерітіп, көк бөрінің жол көрсетуімен таудан етекке түседі. Сөйтіп, олар жауын жеңіп Отанын азат етеді. Осылайша, Ергенеқоннан шыққан күнін жыл сайын наурызда тойлай бастайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамы сол заманнан бастап Ұлыстың ұлы күні деп аталады. Түркі билеушілерінің күні балғамен төс соғып, көмір жағып, темір соғу салты осы аңызға байланысты қалыптасқан дәстүр деседі.

Осылайша, ескі дәстүр бүгін Халықаралық Түркі академиясында жаңғырды. Наурыз мейрамына орай қонақ болған түркі тілдес елдердің елшілері, қоғам және мемлекет қайраткерлері ежелгі түркі дәстүрі бойынша балғамен төс соғып, алау жағып, темір соғып, ежелгі түркі дәстүрін жаңғыртты.


null




null

Жоғары қарай