Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Елордада үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешіледі

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 20:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық білім басқармасының өкілдері қаладағы үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің сөзіне қарағанда, биылғы оқу жылында елорда мектептерінде 173 мың оқушы білім алмақ. Оның 22 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр.

«Жыл соңына дейін тағы 3 жаға мектеп пен 4 қосымша құрылысты қолданысқа бермекпіз. Осының арқасында үш ауысыммен жұмыс істейтін 2 мектептің мәселесін шешеміз. Сонда да қаладағы 8 мектепте үш ауысымдық жүйе сақталады. Бұл мәселені алдағы 3-4 жылдың ішінде жаңа мектептер салу арқылы шешеміз», - деді Әнуар Жанғозин Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның ашылу салтанатынан кейін.

Басқарма басшысы БАҚ өкілдеріне мектеп салуға атсалысқан инвесторларға құрылысқа арналған жер тегін берілетінін айтты.

«Қызмет ақысы айына 80 мың теңгенің көлемінде болатын мектептер сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Ата-аналар қызықпаса, қазіргідей кезек пайда болмас еді. Мұндай мектептер көбейген сайын бәсеке артып, білім сапасы жоғары, бағасы арзан бола түседі», - деді Әнуар Жанғозин.

Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтанда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның ашылу салтанатына қатысты.


Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім,
Жоғары қарай