Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Елордада жарықтың сөніп қалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

2019 жылдың 11 қараша 2019 17:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі елорданың сол жағалауындағы бірқатар көшеде жарықтың сөніп қалуына байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, қарашаның 9-нан 10-на қараған күні елорданың сол жағалауында апат болып, бірқатар мемлекеттік нысандарда, тұрғын үйлерде жарық сөніп қалған болатын. ТЖК мен қала әкімдігінің жедел шаралары барысында ақаулар жойылды. Апат жағдайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша (өрт қауіпсіздігін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жедел тергеу тобы қолына алды. Іс Ішкі істер министрінің бақылауында», - деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Еске сала кетсек, 10 қарашада түнгі сағат екіде «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель линиясы зақымданды. Салдарынан бірқатар көшедегі абоненттер электр жарығынан ажыратыла бастады. Бұлар - Қонаев, Сығанақ, Түркістан, Алматы және Достық көшелеріндегі барлығы 25 нысан мен 7 тұрғын үй кешені. Олардың арасында Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат ғимараттары, «Бәйтерек» монументі бар.

11 қараша, таңертеңгі сағат 07.00-де энергия жартылай беріле бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған апатқа байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Оқиға, ҚР ІІМ,
Жоғары қарай