Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Елордадағы өрт: Жатақханада қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны осыған дейін де анықталған

2019 жылдың 2 мамыр 2019 16:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өртенген жатақханада бұған дейін де өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталған. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс полковнигі Орал Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол 1974 жылы дәліз үлгісінде салынған жатақхана. Тәуекелдер деңгейінің критерийлеріне сәйкес оның өрт қауіпі өте жоғары саналады және жыл сайын азаматтық қызмет органдары тарапынан тексеріліп тұрады. Өткен жылы аталған жатақханада өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 10 заңбұзушылық анықталған еді», - деді ол.

Оның дерегінше, негізгі кемшіліктер электр желілерін монтаждау және пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға қатысты орын алған.

«Аталған кемшіліктерге қатысты «Нұржеңіс.кз-2008» ПИК басшысына ұйғарым тапсырылған болатын. Сонымен қатар аталған нысанға бақылау тексеруі жүргізілді. Мемлекеттік инспекторлар ұсынған талаптарды орындамағаны үшін материалдар сотқа берілген. Мемлекеттік инспектордың заңды талабын орындамағаны үшін заңды тұлғаларға шамамен 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынады», - деді қорғаныс полковнигі.

Орал Әбдірахмановтың дерегінше, жатақхананың 1 қабатында 37 бөлмеден болған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін қаладағы Ж.Досмұхамедұлы көшесі, 4 мекенжайында орналасқан жатақханадан өрт шықты.

Белгілі болғандай, жатақхананың 2-қабатындағы аумағы 18 шаршы метрлік бөлме өртке оранған. Өрт сөндіру қызметі тілсіз жауды ушықтырмай, жедел сөндірді. Сондай-ақ, оқиға орнынан 32 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде кішкентай бала газдан уланып, орташа деңгейлі жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов барып, Байқоңыр аудандық әкімдігі басшыларына өрттен зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Өрттен зардап шеккен 8 бала ауруханада жатыр.

Жоғары қарай