Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Елордалық №1 аурухана уақытылы қаржыландырылды - Медициналық сақтандыру қоры

2019 жылдың 16 тамыз 2019 11:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қордың ақпарат жүйесінде іркіліс болуы дәрігерлердің жалақыларын төлеуге әсерін тигізгені туралы мәлімдемесін жоққа шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тамызда әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласындағы № 1 қалалық аурухана қызметкерлерінің жалақыларын бірнеше күнге кешіктіргені туралы ақпар тараған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл деректі растай отырып, аталған жағдай ӘМСҚ ақпарат жүйесінде іркіліс болуы салдарынан орын алғандығымен түсіндірген.

Өздеріңізге белгілі, ӘМСҚ тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін емдеу мекемелеріне ақы төлейтін қаржы операторы болып табылады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Асхат Амангелдиев орын алған жайтқа пікір білдірді.

«Қордың ақпарат жүйесінде ешқандай іркіліс болған жоқ. ӘМСҚ мен медициналық қызметтерді жеткізуші арасындағы келісімшартқа сай, біз тұрғындарға көрсетілген медициналық қызметтер үшін уақытылы төлем жүргіземіз. Ешқандай кешіктіру болмады. ӘМСҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы төлемді тіпті белгіленген мерзімнен ерте аударды. Яғни, келісімшарт шегінен шықпады», - деді Асхат Амангелдиев.

Естеріңізге сала кетейік, қор жыл басында медицина ұйымдарына жылдық бюджет көлемінің 30 пайызы мөлшерінде алдын ала төлем жасаған. Осы қаражат басқа да жайттарды ескере отырып, ұжымның еңбегіне ақы төлеу қорының тұрақтылығына жұмсалуға тиіс болатын.

Сондай-ақ, Еңбек заңнамасына және келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес, мекеме басшысы еңбекақы төлемін қамтамасыз етуге міндетті. Дегенмен, медициналық қызмет жеткізушілердің шаруашылық қызметтеріне араласуға қордың құқығы жоқ.

Жоғары қарай